Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылғы 14 желтоқсанда Төтенше жағдайлар министрлігінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге арналған салтанатты жиналыс өтті, деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.
ТЖ министрі Юрий Ильин құттықтау сөз сөйлеп, өткен жылдар ішінде елімізде төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жөніндегі міндеттерді жоғары деңгейде шешуге қабілетті жедел ден қою жүйесі қалыптастырылғанын атап өтті.
ТЖ қызметтерінің жұмыс істеген жылдары (1995-2020 жылдар) төтенше жағдайлар мен өрттерді жоюға 1 млн 353 мыңнан астам шығу жасалды. Олардың қызметі, кәсібилігі мен жеделдігінің арқасында 374 мыңнан астам адам құтқарылды, 334 мыңнан астам ТЖ аймағынан эвакуацияланды, 55 мыңнан астам зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілді.
Ширек ғасырда елдің азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізілді. Бұл заңнаманы қабылдау, төтенше жағдайлардан қорғау үшін жаңа объектілер салу, құтқару және өрт сөндіру техникасы мен жабдықтарын сатып алу, азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысын арттыру, қызмет өткеру жағдайларын жақсарту, кәсіби кадрларды даярлау, өрт сөндіру-құтқару спорты мен халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Тәуелсіздік күніне орай Президенттің Жарлығымен қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі, батылдығы мен жанқиярлығы үшін өрт сөндірушілер мен құтқарушылар, ТЖМ қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олар қызметтік борышын орындау және адамдардың өмірін құтқару кезінде батылдық, қайсарлық пен ерлік көрсетті. ТЖМ-нің 22 қызметкері І дәрежелі, ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Құрмет» орденімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдары - мемлекеттік наградалармен марапатталды, - делінген хабарламада.
Бүгін Ақордада мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімі өтті. Президент Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД 6-МӨСБ бөлімше командирі Қайырбек Нұрланұлы Жұманбаевты«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапаттады.
Сондай-ақ Премьер-министр Кеңсесінде Премьер-министр ТЖ вице-министрі Марат Кульдиковті ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады.
Сонымен қатар қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін және Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты ТЖМ және оның бөлімшелерінің 163 қызметкері ТЖМ ведомстволық наградаларымен марапатталды.
Осы жылы Президент Жарлығымен ТЖМ-нің 22 қызметкері, ал соңғы 5 жылда – 117 қызметкер, оның ішінде қайтыс болғаннан кейін – 4 қызметкер мемлекеттік наградалармен марапатталды.