Тәуелсіздік күніне орай 30 мың павлодарлық бір реттік жәрдемақы алады, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекеттік қолдау шараларымен әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын азаматтар қамтылады. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Венера Демеубаеваның айтуынша, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар мен бірінші, екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға 5 АЕК көлемінде көмек қарастырылған.
Зейнетақысы минималді көлемдегі азаматтарға 2 АЕК көлемінде жәрдемақы беріледі. Ал 80 жастан асқан зейнеткерлер 3 АЕК көлемінде бір реттік көмекпен қамтылады, - дейді маман.
Айта кетейік, егде жастағылар «Қамқорлық» қайырымдылық акциясы шеңберінде көмекпен қамтылды. Бір айға созылған қайырымдылық шарасы шеңберінде көпбалалы отбассылар, аз қамтылған жанұялар мен мүгедектерге көмек көрсетілді. Жауапты мамандардың мәліметінше, 28 мыңнан астам павлодарлық түрлі қолдау шараларына ие болды. Бұл игілікке 178 млн. теңге бөлінген. Акцияға кәсіпкерлер атсалысты. Негізгі қолдау шараларына азық-түлік жиынтықтарын сыйға тарту, азаматтардың үйлері мен аулаларын абаттандыру жатады.