#Тәуелсіздік30. Ауылдағы игі істер

16 Қараша 2021, 20:36
2411
Бөлісу:
#Тәуелсіздік30. Ауылдағы игі істер
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен сенбіде Қарқаралы ауданына қарасты Томар ауылына жолымыз түсті. Облыс орталығынан 350 шақырым қашықта орналасқан шалғай ауыл. 

Бірақ, соңғы жылдары оң өзгерістер болып жатыр екен. Бізді қуантқаны жергілікті тұрғындардың ынтымақ-бірлігі болды, деп хабарлайды Saryarqanews.kz.

#Тәуелсіздік30. Ауылдағы игі істер

Тәуелсіздік тойы қарсаңында ауыл халқы асар жасап, мешіт құрылысын бастапты. Бүгінде төрт қабырғасы қаланып, шатырын жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Белсенді азаматтар «қар қалыңдағанша сыртқы жұмыстарды бітіріп, қыс бойы ішін әрлеп шығамыз» деп білек сыбанып отыр.

Ауылға мешіт салсақ деп ниет қылғанымызға біраз жылдың жүзі болды. Әуелі құрылысқа рұқсат алу үшін құжат мәселесімен біраз жүгірдік. Құжат қолымызға тиген соң асар шақырып, халық қолында барын берді. Сол ақшаға құрылыс материалдарын алдық. Қолы бос азаматтар келіп, іргетасын құйды, қабырғасын қалады, - дейді осы шаруаның басы-қасында жүрген Дастан Рақымжан есімді азамат.

#Тәуелсіздік30. Ауылдағы игі істер

Ауылдың дәл ортасында кеңестік дәуірден қалған ғимарат тұр. Ұзақ жыл оқалақ тиген сиыр мен ыстықтан қашқан жылқының көлеңкелейтін орны болып келген. Ауыл жастары биыл осы ғимаратты кәдеге асыру мақсатында іргелі жұмысты қолға алыпты. Ішін тазартып, есік-терезесін салған. Бүлінген жерлерін бүтіндеп, спорт зал мен мәдениет үйі ретінде қайта жаңғыртуды көздеп отыр.

Ауыл жастары үшін қыстың алты айында бос уақытын тиімді өткізу қиын. Баратын жер жоқ. Кейінгі жылдары ішімдікке әуестене бастағандар да болды.Мағжан Жұмабаев кезінде «Мен жастарға сенемін» деген екен. Арыстарымыз үміт артқан бүгінгі жастар «ауылда клуб жоқ, спорт зал жоқ» деп құр жүргені дұрыс па? Ең әуелі өзіміз әрекет қылып, қолымыздан келген іске бел шеше кіріспесек, бізге біреу дайын дүниесін бере сала ма? Сондықтан, өзара ақылдасып, бос тұрған ғимаратты спорт залға айналдырамыз деген шешімге келдік. Қалада жүрген азаматтар есік-терезесін салып беріп жатыр. Спорттық жабдықтар да сыйға берілді. Бұйыртса, қар қалыңдағанша жөндеу жұмыстарын бітіреміз, - дейді спорт зал құрылысына жауаптанған Ералы Елкелді.

Тағы бір игі іс – мектеп жанына хоккей алаңы орнатылып, көшелерге жарық бағаналары тартылған. Ауыл әкімі Нұрсылан Жағыпаровтың айтуынша, бұл нысандар бюджет қаражасына салынған екен. Енді балалар дене шынықтыру сабағында және бос уақыттарында осы жерге келіп сырғанақ теуіп, спортпен шұғылданады. Ал, жаз айында жасанды шөп төселіп, шағын футбол ойнау үшін қолдануға болады.

#Тәуелсіздік30. Ауылдағы игі істер

Ауылымызда оң өзгерістер болып жатыр. Қалтасының қамын емес, елдің жайын ойлайтын, ауылға жанашырлық танытатын белсенді жастардың көптігін көріп қуанып жүрміз. Совхоз кезінде дайын дүниеге жаман үйреніп қалдық қой. Осы уақытқа дейін "Үкімет өлтірмейді" деген масылдық ойда болып келдік. Шүкір, тәуелсіздікпен бірге дүниеге келген жастардың санасы түзу, ойы басқа екен. Бұл нысандар тәуелсіздік тойында бізге үлкен сый болғалы тұр. Елім деген жастар көп болса, мемлекетіміздің де келешегі жарқын болады деп сенеміз, - дейді Бақытгүл есімді ауыл тұрғыны.

Расымен де, алақандай ауылда ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тұрғындардың ауылдың келешегіне деген көзқарастары да өзгерген. Әрі, ауылшаруашылығын дамытуға көрсетіліп отырған қолдаулардың игілігін көріп отыр екен. Мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен мал басын көбейтіп қана қана қоймай, тұқымын да асылдандыруды жолға қойыпты. Қырға қыстау салып, күн энергиясын пайдаланып отырған азаматтар да көбейген. Бұл тақырыпқа келесі мақалада кеңірек тоқталамыз.

Өзгелердің жаңалығы