Ұлттық статистика бюросы 2023 жылдың ІV тоқсанында жан басына шаққандағы азық-түлік тұтыну көлемі жөніндегі деректерді жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Үй шаруашылықтарының тұтыну шығыстарындағы азық-түлік сатып алуға жұмсалатын шығындарының көлемі қатты өзгермеген, ондағы шығынның ең көп үлесі ет және ет өнімдеріне (17.4%), нан мен жарма өнімдеріне (8%), сондай-ақ, сүт өнімдеріне (5,4%) тиесілі.
Аймақтар арасында жекелеген азық-түлік өнімдерінің тұтынылуын салыстыратын болсақ, нан мен жарма өнімдерін Түркістан облысының тұрғындары ең көп тұтынған – 44,1 кг (тоқсанына жан басына шаққанда), ет және ет өнімдері бойынша Жамбыл облысындағылар – 25,8 кг, балық өнімдерін ШҚО, БҚО және СҚО тұрғындарының дастарханынан жиі табуға болады – бір адамға шаққанда тоқсанына 5,2 кг, көкөністер бойынша Түркістан облысындағылар – 23,8 кг, жемістер алматылықтар арасында – 22,1 кг, ал тәттілер Ұлытау облысында – 14,4 кг көп тұтынылған.
Егер соңғы бес жылдағы деректерді алып қарайтын болсақ, ет пен балықты тұтыну көрсеткіші жыл сайын ІV тоқсанда, ал көкөністер мен жемістерді тұтыну ІІІ тоқсанда көбейетінін байқауға болады.