Тасқын суы Балқаш көліне жіберілді: су деңгейі 15 см көтерілді

26 Сәуір 2024, 11:30
776
Бөлісу:
Тасқын суы Балқаш көліне жіберілді: су деңгейі 15 см көтерілді
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Жыл басынан Балқаш көлінің су деңгейі орта есеппен 15 сантиметрге көтерілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәлімдеуінше, 1 қаңтарда көлдің орташа су деңгейі 159 см болса, 1 сәуірде бұл көрсеткіш 174 см-ге жетті.

Биыл трансшекаралық Іле өзенінен үлкен көлемде су келгенін айта кеткен жөн. Осының нәтижесінде Қапшағай су қоймасынан Балқаш көліне шамамен 2,3 текше шақырым көлемінде су жіберу мүмкіндігі пайда болды.

Балқаш көлінің су деңгейін анықтау үшін 4 су бекетінде бақылау жүргізіледі. Ағымдағы жылдың 24 сәуіріндегі жағдай бойынша Балқаш көлінің ең жоғары деңгейі Сарышаған су бекетінде тіркелді.

Мұнда су деңгейі 210 см болды. Ал, көлдің ең төменгі деңгейі - 140 см, Қарақұм су бекетінде белгіленді. Ал, Балқаш бекетінде су деңгейі 177 см, Мыңарал бекетінде 167 см құрады.

Өзгелердің жаңалығы