Ташкентте шөжелерді бояп сату сәнге айналды

29 Мамыр 2021, 08:45
3890
Бөлісу:
Ташкентте шөжелерді бояп сату сәнге айналды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ташкентте қазір қолдан боялған шөжелердің саудасы қызып тұр, деп хабарлайды 24.kz.

Кәсіпкерлердің айтуына қарағанда, балапандарды бояп сатса, қызығатындар табылады екен. Жұрт назары ауған соң сауда да жүреді. Балапандарды бояу қауіпсіз бе? Бұл православтардың Пасха мейрамынан кейін жұмыртқаны жарып шыққан балапандар емес. Мына шөжелерді кәсіпкерлер осылай қолдан әдейі бояйды екен. 

Бұл балапандар қалай боялатындығы бізге беймәлім. Сырын ешкім ашып айтпады. Ал ғаламтордағы жазбаларға қарасақ балапандарды бояу үшін жұмыртқаның ішіне шприцпен арнайы бояуды жібереді-мыс. Немесе балапан жұмыртқаны енді тесіп шыққан бетте оны арнайы бояудың ішіне салып жібереді. Барлығы да балалардың осылай қызық көріп, ойнауы үшін жасалады, – дейді тілші Риат Шони.
Түрлі-түсті балапандарды саудалап жатқан саудагерлерді қазір Ташкенттің әр көшесінде кезіктіруге болады. Өзбекстан астанасында бұл кәсіп жақында ғана пайда болды. Балапандарды осылай бояп, сату ісін Бехруз Анваров ағасы екеуі алғаш рет Түркияда көріпті. Тың кәсіпті енді Өзбекстан астанасында жандандырып отыр. 
Өзіміздің инкубаторымыз, тауықтарымыз бар. Барлығын өзіміз жасаймыз. Балапандар қалай боялатынын айта алмаймын. Оны ертең жұрт білсе, бізге бәсекелестік тудыратын кәсіпкерлер пайда болуы мүмкін. Бастысы, қауіпсіз деп айта аламын. Балапандар жұмыртқаны тесіп шыққаннан кейін біз тиісті вакциналарын егеміз. Түрлі дәрумен беріп, жақсы күтімде ұстаймыз, – кәсіпкер Бехруз Анваров.
Кәсіпкерлер балапандарды бояу қауіпсіз деп сендірсе де құс жанашырлары мен ветеринарлар мұндай бизнеске қарсы. Өйткені шөжелерді тек балалардың бір күнгі ермегі, яғни ойын үшін бұлай қорлауға болмайды дейді.
Бұл бояу балапанның терісінен өтіп, ағзасына жетпейтін шығар. Бірақ осындай шөжелерді сатып алатын адамдардың көбі оны қалай күтуді білмейді. Ата-аналары балалары қызыққандықтан алады. Кішкентай балапан ойын үшін жаратылмаған ғой. Оның үстіне бала оны қатты қысып өлтіріп тастауы да мүмкін. Сондықтан шөжелерді ойын үшін емес, өзінің тиісті мақсаты үшін пайдалану керек, – деді ветеринар Откир Балтабаев.
Негізі боялмаған бір балапанның Ташкенттегі құны 40 теңге, ал түрлі-түстісі 160 теңгеден жоғары тұрады. Бұл бояу екі-үш айдан кейін қауырсын шыға бастағанда өздігінен жойылып кетеді екен. 
Өзгелердің жаңалығы