Ташкентте Қазақстан мәдениетінің көрмесі ашылды

12 Сәуір 2019, 13:46
2499
Бөлісу:
Ташкентте Қазақстан мәдениетінің көрмесі ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылу құрметіне орай, ҚР Ұлттық музейі Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейінде «Ұлы Дала: тарих және мәдениет» көрмесін ашты.

ҚР Ұлттық музейінің баспасөз қызметің хабарлауынша, көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директоры Алмаз Нұразхан, Өзбекстандағы Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Дархан Сатыбалды, Өзбекстан Республикасы Мәдениет вице-министрі Камол Акилова, Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейінің директоры Васила Салихқызы Файзиева қатысты.

«Ұлы Дала: тарих және мәдениет» көрмесінің мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен шетелдік көрерменді таныстыру.

Көрмеге Қазақстан Республикасының символы саналатын «Алтын адам» қойылады. 1960-жылдардың соңы мен 1970-жылдардың басында Алматының маңайында танымал археолог Кемал Ақышев зерттеп жүрген Есік қорғанынан, кейін Қазақстанның символына айналған, сақ патшасы – «Алтын адамның» сүйегі табылған археологиялық сенсация орын алды.

«Бүгінгі көрменің орны ерекше. Бұл мәдени шара Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылу құрметіне орай ұйымдастылып отыр. «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» көрме жобасы Қазақстанның ұлттық құндылықтарын, төл мәдениеті мен терең тарихын жауһар жәдігерлер арқылы дүниежүзіне танытады. Көрменің басты экспонаты – «Алтын адам». Аталған көрме жобасы бүгінге дейін әлемнің түрлі елдерін, Оңтүстік Корея, Польша, Ресей, Беларусь, Қытай мемлекеттерінде көрсетілгенін атап айтқан жөн», - деді Өзбекстандағы Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Дархан Сатыбалды.

Бұл көрме жобасы әлемнің жеті елін – Беларусь, Әзербайжан, Ресей, Қытай, Польша, Корея мемлекеттерін және Татарстан Республикасын табыспен аралап, миллионнан астам көрермен тамашалады. Жоба 2018-2020 жылдарға жоспарланған.

Аталған көрме биылғы жылы Малайзия, Италия, Түркия және Грузия музейлерінде ұйымдастырылмақ. Ал 2020 жылы АҚШ, Австрия, Франция, Швейцария мен Германияның басты музейлерінде өткізіледі.

Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейіндегі көрмеге киімі алтын, ал бас киімі жебе, қар барысы, арқар, жылқы және құс бейнесіндегі алтынмен әшекейленген Алтын адамның реконструкциясы ұсынылып отыр. Сонымен қатар аталған көрмеден сақ жауынгерімен (археологтардың пікірлері бойынша 17-18 жастар шамасында) бірге жерленген ерте темір ғасырының (б.д.д V-IV ғғ) археологиялық олжаларының коллекциясын тамашалауға болады.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 127 зат ұсынылды. Көрмеге ұсынылған Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық өнерінің жауһарлары – бұл Еуразия дала мәдениеті мұрасының өзіндік ерекшелігін көрсететін, бұрынғы дәуірдің есімдері белгісіз шеберлері жасаған ғажап туындылардың аз ғана бөлігі.

Өзгелердің жаңалығы