Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Тарихымыз хатқа түспеді": Елімізде Қытай деректерін зерттейтін ғалымдар аз

Жансая ҚАМБАР
15 Шілде 2025, 17:04
736
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Бұл туралы Қытайдың Бірінші тарихи архивінде сақталған қазақ-қытай дипломатиялық хаттарын зерттеп, ғылыми айналымға енгізген қытайтанушы ғалым Дүйсенәлі Әбділәшімұлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлмисақтан бері қазақ халқы көп жағдайда судың тұнығы мен шөптің шүйгінін қуалай көшіп-қонып тіршілік етті, көп сандысы мал шаруашылығымен шұғылданды. Бір жерде тұрақтап отырмағандықтан жазу-сызу мәдениетіміз кенжелеп, тарихымыз жөнді хатқа түспеді. Төл жазба деректердің тапшылығынан, өткен тарихымыздың ақтаңдақ беттері толық ашылмай келеді. Осы тұрғыдан қарағанда, тарихымызды індете зерттеуге пайдалы шетел деректерін қағыс қалдырмай, сараптап, қажетке жарата білуіміз керек, - деді ғалым.

Дүйсенәлі Әбділәшімұлының айтуынша, осы орайда қытай деректерінің салмағы басым.

Әдетте қазаққа қатысты қытай деректері туралы сөз болғанда олардың келу қайнарына баса мән берген жөн: оның бірі, қытай тілді деректер де, енді бір Цин патшалығы тұсында мәнжу тілінде жазылған тарихи құжаттар. Көне дәуірлерді айтпағанда, XVIII-XIX ғасырлардағы Қытай жазба деректерінде біздің осы кезеңдерге тән әлеуметтік тарихымызды, дипломатиялық қарым-қатынасымызды зерттеуге қажетті мол ақпарат қамтылған. Бұларды қазақ тарихын толықтыруға қызмет еттіруіміз лазым, - деді ол.

Ғалым шетел жазба деректерін пайдалану кезінде, “қауызын тастап, дәнін алу” қағидасын ұстанған жөн екенін айтты. Сондай-ақ Дүйсенәлі Әбділәшімұлы қазаққа қатысты қытай деректерімен айналысатын ғалымдар аз екенін жеткізді.

Бүгінгі таңда қытайтанумен шұғылданатын немесе қазаққа қатысты қытай деректерімен жұмыс жасайтын зерттеуші-ғалымдардың қатары аз, саусақпен санап алардай жағдайда деуге болады. Ішінара ғылыми еңбек пен мақалаларды қоспағанда, егемендіктен бері істелген ғылыми жұмыстардың нәтижесі сын көтермейді, әлі күнге деректерді топтау басқышында жүрміз десек те артық болмас, - деді ғалым.

Өзгелердің жаңалығы