Польшалық спортшы Бартломей Кубковский тарихта алғаш рет Балтық теңізін Швециядан Польшаға дейін судан шықпай әрі өзіне ілескен кемеге қол тигізбестен жүзіп өтті. Ол шамамен 160 шақырым қашықтықты 55 сағатта еңсерді. Ұзаққа созылған ауыр сынақ кезінде спортшы шамадан тыс шаршаудан галлюцинацияға да ұшыраған.
DW басылымының мәліметінше, 31 жастағы жүзуші бұл рекордтық сапарын 31 шілдеде Швециядағы Касеберга ауылынан бастап, 2 тамыз күні кешке Польшаның Дзивнув қаласы маңындағы жағажайға жетті. Осылайша ол Балтық теңізін үздіксіз жүзіп өткен алғашқы адам атанды. Бұл Кубковскийдің аталған бағытты бағындырудағы бесінші талпынысы болды.
Екі тәуліктен астам уақытқа созылған жүзу барысында спортшы бір сәт те демалмаған және өзін сүйемелдеген қайыққа қолын тигізбеген. Ол қатты толқынға, екпінді желге және мұздай суға қарамастан межесіне жетті.
Жүзушіге қажетті азық-түлік пен сусын арнайы қайықтан ұзын сырықтардың көмегімен беріліп отырған. Спортшының командасының мәліметінше, екінші түнде қатты қалжыраудың салдарынан Кубковскийде галлюцинациялар пайда болған. Соған қарамастан ол сынақты сәтті аяқтап, мәреге жеткенде оны көптеген жанкүйерлері зор қошеметпен қарсы алды.
Ultra Baltic Swim деп аталған бұл экстремалды жүзу тек спорттық рекорд орнату мақсатында ғана емес, қайырымдылық үшін де ұйымдастырылды. Акция барысында қатерлі ісікке қарсы күресті қолдайтын Cancer Fighters қорына шамамен 185 мың еуро, яғни шамамен 100 миллион теңге көлемінде қаражат жиналды.