Тарихшы: Бізге жақын тарихи тұлғаға ескерткіш орнатуды ақпараттық насихаттан ажырата білу керек

Тарихшы: Бізге жақын тарихи тұлғаға ескерткіш орнатуды ақпараттық насихаттан ажырата білу керек

Невскийге ескерткіш орнату біздің еліміздегі Кремль саясатының күшеюінің тағы бір дәлелі ретінде қабылдануы мүмкін. Алайда ескерткіштерден басқа, ресейлік арналардың тәулік бойы хабар таратуы Қазақстанның ақпараттық ортасына көбірек әсер етеді. Сондықтан бізге жақын тарихи тұлғаның ескерткішін орнатуды ақпараттық насихаттан ажырата білу керек. Бұл туралы тарих ғылымдарының кандидаты Ернар Ужкенов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елімізде және шет елдерде қазақтың зиялы қауымына көптеген ескерткіш қойылып жатыр. Бұл халықаралық ынтымақтастықты арттырып қана қоймай, мәдениетімізді насихаттауға септігін тигізеді.

2021 жылы Александр Невскийдің туғанына – 800 жыл толды. Александр Невский - Ресейдің ұлы қолбасшысы Нева ұрысы шайқасының жеңімпазы, Киев, Новгород және Владимир князі. 41 жыл ғана өмір сүрген Невский тарихта қолбасшылық және дипломаттық қасиеттерімен ерекшеленген екен.

Атаулы күнге Ресей ауқымды шаралар өткізді. Біздің еліміз де қалыс қалмады. Мәселен Алматы қаласында Александр Невский атындағы ғибадатхана салынса, бүгін оның жанында Невский ескерткішінің ашылу салтанаты өтті. Ескерткіш Жансүгіров көшесінің бойында орналасқан. Өнер туындысын ресейлік мүсінші Салават Щербаков жасаған. Биіктігі – 5 метрге жуықтайды.

Тарихшы: Бізге жақын тарихи тұлғаға ескерткіш орнатуды ақпараттық насихаттан ажырата білу керек
mitropolia.kz

Парвослав жаңалықтары агенттігінің деректеріне сүйенсек, Невскийге арналған шіркеулер тек бізде ғана емес әлемнің басқа да елдерінде салынған. Мысалы София, Тбилиси және т.б. қалалар.

Ұлы Абайды ұлықтаған шет елдер

Осы ретте біз шет елдерде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына қандай ескерткіштер қойылғанын зерделеп көрдік. Ұлы ойшылға арнап көптеген ел ескерткіш тұрғызған. Төменде ескерткіштердің бірнешеуі ғана көрсетілді.

Франция

2016 жылы Францияның Ренн қаласында қазақ ақынына арналған бюст бой көтерді. Ескерткіштің ашылу рәсіміне сол кездегі Алматы әкімі Бауыржан Байбек пен қала мэрі Ренна Натали Аппере қатысты. Шара барысында сөз сөйлеген Байбек бірнеше поэма жазған, 50-ден аса тәржіма жасаған Абай Құнанбайұлы франциялық жазушыларды да аударғанын атап өтті. Сөз арасында ол ЮНЕСКО аясында 1995 жыл Абай жылы болып аталғанын айтты.

Мажарстан

2014 жылы Мажарстаның Будапешт қаласында Абайға ескерткіш орнатылды. Бюст Будапешттің Астана көшесіне орнатылды. Бюсттің биіктігі 1070 миллиметр, ені - 900 миллиметр. Қазақстандық жас таланттар рәсім кезінде Абайдың әндерін мажар тілінде орындап берді.

Мысыр

2016 жылы Абай Құнанбайұлының бюсті Мысыр астанасы Каирдің саябақтарының бірінде орнатылды. Бюстті жасауға мысыр меценат Хусейн әл-Шафии қаражат бөлген. Мүсінді мысырдың танымал мүсіншісі Усама әл-Серуи жасаған. Усаманың мүсіндері әлемнің ірі қалаларында орнатылған екен.

Ресей

2006 жылы Мәскеуде де Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш бой көтерді. Естеріңізде болса, сол жылдары Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей басшысы Владимир Путин Қазақстанда Пушкин жылы және Ресейде Абай жылын жариялаған болатын. Екі ақынға Астана мен Мәскеуде ескерткіш орнатылды. Мәскеудегі ескерткішті қазақстандық тарап қаржыландырды. Құны - 162 млн теңге. Ескерткіш қоладан жасалды. Оны жасауға Марат Айнеков, дизайнер Тимур Сулейменов, суретші Эдуард Дробицкий, сәулетші Вячеслав Романенко сынды мүсіншілер тартылды.

Қытай

2014 жылы Бейжіңде Абай Құнанбайұлының ескерткіші қойылған. Ол "Цзинтай" көркем музейіне орналастырылды. Шара соңында қос елдің жастары қазақ және қытай тілдерінде Абайдың өлеңін оқыды.

Қазақ елінде бой көтерген Пушкин ескерткіштері

Енді өз елімізге оралсақ. 

Қазақстанда да басқа мемлекеттердің ұлы ойшылдарына, ақын-жазушыларына ескерткіштер қойылып, көше атаулары берілді. 

Жоғарыда айтып өткеніміздей, 2006 жылы Ресейде Абай жылы, Қазақстанда Пушкин жылы деп жарияланды. Осыған орай 2006 жылы СҚО Петропавл орталығында екі елдің ұлы ақындарының бірлескен ескерткіштері бой көтерді. Ескерткіш - орыс және қазақ халқының ғасырлық достығының көрінісін айқындайды.

Ресей жазушысы Александр Пушкинге арналған мүсін Астанада да ашылды. Ол елордадағы беделді университеттерінің бірінің жанында, Есіл жағасында орналасқан. Қостанайда орыстың ұлы ақыны Александр Пушкинге екі ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің біреуі Лисаков қаласында тұрғызылса, екіншісі Қостанай қаласы орталығында орнатылған. Дәл осындай мүсіндер Тараз, Орал және тағы басқа қалаларда бой көтерген.

Невскийдің ел тарихына қандай қатысы бар?

Жалпы Алматыда Александр Невскийге арналған ескерткіш орнатуға қатысты мәселе халық арасында түрлі көзқарас туғызды.

Александр Невский деген кім екенін, Невскийдің Қазақстан тарихына қандайда да бір қатысы бар екенін білу үшін тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Ежелгі және Орта ғасырдағы Қазақстан тарихы бөлімі басшысының орынбасары Ернар Ужкеновке хабарластық.

Оның сөзінше, Александр Невский - Шығыс Еуропа тарихында үлкен рөл атқарған тарихи тұлға. Католицизмнің күшеюіне жол бермеген, сол арқылы православиелік сенімді сақтаған, сонымен қатар ежелгі Ресей жерлеріне тевтондық шабуылды тойтарған саясаткер және қолбасшы.

Әрине, Александр Невский Ресей тарихындағы аңызға айналған тұлға ғана емес, сонымен бірге Алтын Орда байланыстарымен де танымал болды. Аңыз бойынша Александр Невский Бату ханның ұлы және мұрагері Сартактың досы болған деседі. Александрдың осы тәрізді жеке байланыстарының арқасында Алтын Орда әскерлерінің Ресей жерлеріне қайта басып кіруіне жол берілмеді. Сонымен қатар Александрдың өзі Новгородтағы толқуларды қатаң түрде басып тастады. Невскийдің Алтын Орда бағытын ұстану саясаты Ресейге күш жинауға мүмкіндік берді, сонымен бірге болашақта ұлы князьдердің позицияларының күшеюіне септігін тигізді. Соның нәтижесінде тәуелсіздікке қол жеткізуге мүмкіндік берді. Бұл ұлы князьдер Александр Невскийдің ұрпақтары болды. Бұл Ресей мен Алтын Орда арасындағы байланыстардың сабақтастығын білдіретінін айтып өткен жөн, - деді ол.

Сонымен қатар Ужкенов Александр Невскийдің Қазақстан аумағында болғанын айтты.

Егер Александр Невскийдің Қазақстан тарихына қатысы туралы айтатын болсақ, Невский Моңғол империясының астанасы Қарақорымға барар жолда Қазақстан аумағында болған деген болжам бар. Әзірге бұл тек болжам. Дегенмен дереккөздерді одан әрі іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан болашақта оны дәлелдеуге болады деп ойлаймын, - деді сарапшы.

Александр Невскийге орнатылған ескерткішке қатысты тарихшы пікірі қандай?

Тарих ғылымдарының кандидаты Невский ескерткіші шіркеуге тиесілі аумақта тұрғызылғанын айтып өтті.

Алматы қаласы мәдени және тарихи ескерткіштерді қорғау бойынша комиссия мәлімдемесіне сәйкес аталған ескерткіш шіркеуге тиесілі жер аумағында қойылады. Заңға сәйкес ескерткіш орнатуға олардың құқықтары бар, - деді Ужкенов.

Бұдан бөлек сарапшы Ресей қолбасшысына арналған ескерткішке қатысты пікірін білдірді. Айтуынша, ескерткішті орнату азаматтық қоғамның барлық нормаларына және зайырлы нормаларға сәйкес келеді. Дегенмен ескерткішті орнату біздің еліміздегі Кремль саясатының күшеюінің тағы бір дәлелі ретінде қабылдануы мүмкін екенін жасырмады.

Егер ескерткіш орнатуды тарих тұрғысынан қарастыратын болсақ, онда тарихи кейіпкер бола отырып, Александр Невский көшпелі халықтармен ешқандай қақтығысқа түспегенін атап өткен дұрыс. Сонымен қатар оның іс жүзінде Ресейдегі Алтын Орда саясатының жетекшісі болғанын есте ұстаған жөн. Жалпы ол Алтын Орда билеушілерінің қолдауына ие болған «біздің адамымыз» болды. Егер біз азаматтық қоғам тұрғысынан қарастыратын болсақ, онда православиелік әулиеге ескерткіш орнату арқылы (ред. - Александр Невский ресми түрде мойындалған) православиелік дінді ұстанатын азаматтарымыздың тілегі орындалатын болады. Ескерткіш қою азаматтық қоғамның барлық нормасына және зайырлы нормаларға сәйкес келеді. Негізінен ескерткішті орнату біздің еліміздегі Кремль саясатының күшеюінің тағы бір дәлелі ретінде қабылдануы мүмкін. Алайда ескерткіштерден, көшелер мен елді мекендердің атауларынан басқа, ресейлік арналардың тәулік бойы хабар тарату режимі Қазақстанның ақпараттық ортасына көбірек әсер ететінін атап өткен жөн. Сондықтан бізге жақын тарихи тұлғаның ескерткішін орнатуды ақпараттық насихаттан ажырата білу керек, - деп атап өтті тарихшы.

Ужкеновтің сөзінше, Мәскеуде және басқа қалаларда Абай, Шоқай және басқа да тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштер бар. Сондықтан тіпті ескерткіштерді орнату саласында да тепе-теңдікті сақтау маңызды.

Александр Невскийге ескерткіш орнатуға қатысты қала тұрғындарының пікірін де білуді жөн көрдік. Мәселен Ермек Тілеуғазы есімді азаматтың айтуынша, Алматыға Невскийдің ескерткішін қою ықпалдықты көрсетудің көрінісі екенін айтты.

Невскийдің Алтын Орда хандығының тарихына қатысы бар екенін білемін. Алматы қаласына, яғни Алтын Орда ұрпағының шаһарының қақ ортасына ескерткіш қою деген (авт. – Ресей тарапынан) ықпалдықты көрсетудің көрінісі деп санаймын, - деді Тілеуғазы.

Алматылық Ақтолқын Тұрлығазы қала тарихына, елімізге қатысы жоқ адамның ескерткішін қоярда көптің талқысына салып, кеңесіп алған дұрыс деп есептейді.

Әлеуметтік желіде Алматыда Александр Невскийге ескерткіш орнатылғаны жайлы хабар тарады. Ару қаланың жергілікті тұрғыны ретінде мен, тіпті, бұл кісінің кім екенін де білмеймін. Ақпарат құралдарынан тарихын оқи отырып, бұл батырдың не біздің қаламызға, не елімізге ешқандай қатысы жоқ екенін ұғындым. Қарап отырсақ, қала маңында қазақ хандары мен батырларының ескерткішін көзіміз шалмайды. Бір жылдары “Достық” ойын-сауық орталығында қазақ хандарының бейнесіндегі макеттер пайда болғаны есімде. Қала жұртшылығы суретке түсіп, мәз-мейрам болған еді. Кейіннен, бұл 1-2 айға қойылған макет деп алып тастаған болатын. Қалада тек Райымбек батырдың ескерткіші ғана бар. Оның да қазіргі тұрған орны мен жағдайы мүшкіл Маңайында қоқыс шашылып, қаңғыбастар жататын мекенге айналған. Ал Амангелді батырға арналған ескерткіш мүлдем қараусыз қалған. Тіпті, жанына тақап барғанда ғана, атын әрең ажыратуға болады. Орындықтары сынған, жасыл желек атымен жоқ. Осы ретте, қала әкімдігінен өтінерім, «өзгенікін таңсық, өзіміздікін мансұқ» қылмай, алдымен қазақ хандары мен батырларының ескерткішін қойсақ болар еді. Ал қала тарихына, елімізге қатысы жоқ адамның ескерткішін қоярда көптің талқысына салып, кеңесіп алған артық болмас еді, - дейді қала тұрғыны.

Айта кетейік, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының мәліметінше, шаҺарда 161 тарих және мәдениет ескерткіші бар, оның ішінде 33-і республикалық маңызы бар ескерткіш болса, 128-і жергілікті маңызы бар 128 ескерткіш есебінде.

Бөлісу: