Будапештте (Мажарстан) өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатының алғашқы күні Қазақстан құрамасы үшін сәтті басталды. 48 келі салмақта сынға түскен Әбиба Әбужақынова күміс жүлде еншіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Шешуші белдесуде ол былтырғы финалист, итальяндық Ассунта Скуттомен кездесіп, өкінішке қарай, қарсыласына жол берді. Осылайша, Әбиба Әбужақынова әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Айта кетейік, бұл қос дзюдошының екінші мәрте бетпе-бет келуі. 2023 жылғы әлем біріншілігінде олар қола медаль үшін күресіп, ол кезде де жеңіс Скуттоның еншісінде қалған болатын.
Әбиба Әбужақынова – тәжірибелі спортшы. Ол 2022 және 2024 жылдары да әлем чемпионатында қола медаль иеленіп, үш жыл қатарынан жартылай финалға жолдама алған. Бұл жолы ол бір саты жоғары көтеріліп, тарихи күміс жүлде жеңіп алды.