Тарихи сана қашан да тарихи жауапкершілікке итермелеген – Айдос Сарым

5 Қаңтар 2021, 13:03
1431
Бөлісу:
Тарихи сана қашан да тарихи жауапкершілікке итермелеген – Айдос Сарым

Алматы, BAQ.KZ. Саясаттанушы Айдос Сарым «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына қатысты ойымен бөлісті.

Биыл тәу еткен Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығы. Әрбір саналы азамат үшін бұл - ұлы мейрам. Мейрам болғанда дабырлатып, ат шаптырып, отшашулатып, ішіп-жеп, көкірекке кезекті «-жылдығы» дейтін медальді таға салатын мейрам емес. Ордабұзар жасқа келген жаңғырған қазақ мемлекеттігінің шаңырағын шайқалтпай, ырыс-берекесін кетірмей, ел бірлігі мен жер тұтастығын сақтай отыра әрі қарай қалай, қай бағытта дамытамыз деп ойланатын, толғанатын кез, кемел кезең. Зымырап өте шыққан отыз жыл қаншалықты қиын, күрделі болса, алдағы қамал алар жасқа дейінгі уақыт та оңай болмайтыны қазірден бастап-ақ көрініп тұр. Серті - салақ, анты – мазақ көршіміздің көңіл-күйіне, қоғамдық пікіріне қарап отырып біраз дүниені ұғынуға тиіспіз. Шындап келсек, қашан да, қай кезде де қазақты, Қазақ мемлекетін құтқарар, сақтап қалар, арқа сүйер төрт құндылық бар: тұнық тіл, терең тарих, тылсым табиғат пен тыңғылықты тыныс-тіршілік. Осы құдіретті құндылықтар турасында Президент жақсылап таратып айтып берді, - дейді ол.

Сонымен қатар саясаттанушы қазақтың басты қорғаны, тірегі, тылы, ділі – туған тілі екенін айтты. Тілдің тазалығын сақтау, оны заманға сай дамыта білу, бизнес пен ғылым тіліне айналдыру, шын мәніндегі мемлекеттік тіл қылып, заңды тұғырына отырғызу  - ұлттық, мемлекеттік мәселе. 

Тіл – ұлттық рухтың, сананың, ойдың алаңы мен мекені. Баяғыда Маркс еврейдің қасиетті кітабы Тораны «халықтың көшпелі мемлекеті» деп атаған екен. Осыған салсақ, тәуелсіздіктен айырылып, мемлекеттігімізді жоғалтқан кезде де қазақты қазақ еткен, біріктірген, топтастырған, жинаған қасиет пен құндылық – қазақ тілі екенін мойындауымыз керек. Ұлан-байтақ жерімізді, әлемдегі тоғызыншы территорияны айшықтаған да, ерекшелеген де осы тіліміз. Оймақтай ғана мемлекеттер ондаған, жүздеген диалектіге бөлініп жатады. Осыншама орасан ойкуменаны еш диалектісіз, жіксіз жинаған қазақ тілінің ұлы күші мен қасиетіне таңғалмасқа болмас! - дейді Сарым.

Сондай-ақ ол мақалада тағы бір құндылық - ұлттық жадымыз бен тарихымыз баяндалғанын айтты. 

Ел ыдырап, халықтың тоз-тозы шығып, рухы сынған кездері де аз болмаған. Мың өліп, мың тірілгенде де қазаққа сенім берген, рух берген, жауапкершілігін сездірген құндылық – тарихы сана қашан да тарихи жауапкершілікке итермелеген. Тарихи сана жекелеген адамның амбициясын ортақ мүддеге бағындырып, жұртты мұратшылдыққа, ұлттық ымыраға жетелеген. Тарихи сана әрбір ойлы, есті адамды белгілі бір рухани тәртіп пен саналы тіршілікке жүгендеген. Қазақтың бойында бар, гендік кодына жазылған аруақ пен ұрпақ концепциялары да осы тарихи санадан бастау алады. Қайда жүрсең де, кім болсаң да, өзіңді ұзынсонар, үздіксіз шептің, қатардың ішінде жүру, мызғымас, айырылмас бөлігі ретінде сезіну кез келген адамға қосымша жауапкершілік, миссия артады, - деді саясаттанушы.

Оның айтуынша, Президенттің бүгінгі мақаласында көңілге қонымды жайттар өте көп, оны тек түсініп, оқу қажет.

Президенттің бүгінгі мақаласын баршамыз асықпай оқиық. Оқығанда да оны дабырлатпай, мақтампаздыққа апармайық. Керісінше, ойға ой қосатын, ойды ойға жетелейтін дүниелерге ұмтылайық. Осы отыз жылда не бітірдік, неден жаңылдық, оған не себеп деген шыншыл әңгімені бастайық. Тек сынап-мінеп қана қоймай, қайткен күнде дұрысталамыз, дұрыс жолға түсеміз деген байыпты, ақылды сараптама жасауға тырысайық. Және де бір өтініш: бос айғайды, аттанды азайтсақ, ағайын. Айғайы көп ортада ақыл жоқ, эмоция басым болады, ой тоқтамайды, сіңбейді. Бізге эмоциядан гөрі сабырлы, салиқалы әңгіме, ұлттық компромисс, мәміле керек сияқты. Қасекең соның жақсы үлгісін көрсеткен сияқты, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы