Мәдениет және ақпарат министрлігі тарихи театрларды қалпына келтіру және жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстарды жалғастыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоға сілтеме жасап.
Соның ішінде Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры да бар. Театр ғимараты салынғаннан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Инженерлік желілері мен материалдық-техникалық базасы тозғандықтан өрт қаупі жоғары. Ғимарат реконструкциясы театрдың тарихи келбетін сақтай отырып жүргізіледі. Өйткені ғимарат жергілікті маңызы бар мәдени ескерткіш мәртебесіне ие.
Сонымен қатар демеушілер қаражатымен Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры ғимаратында ішкі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазірдің өзінде жеті бөлме, оның ішінде оркестр мен хор залдары, музей, грим бөлмелері, қабылдау залы және т.б. жаңартылды.
Наталия Сац атындағы мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрында да көп өзгеріс болады. Ғимараттың күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.
Республикалық академиялық неміс драма театры да назардан тыс қалмайды. Бұрынғы кинотеатр ғимаратында орналасқан театрды жөндеу және газдандыру мәселесі Ұлттық экономика министрлігінің қарауында тұр.
Министрлік сонымен қатар 2025 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ғимаратына сараптама жүргізуді жоспарлап отыр. Сараптама барысында оның күрделі жөндеу жұмыстары бойынша алдағы жұмыс көлемі анықталады.
Айта кету керек, 2020 жылы еліміздің мәдени мұрасын қолдаудағы маңызды қадам – Қ.Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталуы болды.