Астанада тарих пәні мұғалімдерінің «Мектептегі тарих пәні: цифрлы медиа әлем» атты семинары ұйымдастырылды, деп хабарлайды деп хабарлайды BAQ.KZ e-history.kz порталына сілтеме жасап.
Іс-шараны "Qazcontent" АҚ, e-history.kz интернет-порталы мен Астана қаласы Білім басқармасы бірлесіп өткізді. Семинарға 50-ге жуық тарих пәні мұғалімі, әдіскер, тарихшы, сондай-ақ қала әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» өкілдері қатысты.
Семинар барысында e-history.kz порталының жаңа нұсқасы таныстырылып, портал редакциясының жасанды интеллект негізінде әзірленген өнімдері, жаңа маусымдағы мультимедиялық жобалар мен «Тарих-sabaq» арнайы айдары ұсынылды.
Қатысушылар тарих пәні бойынша мультимедиялық контентті арттыру, оқушыларға арналған тест тапсырмаларын көбейту, порталға жарияланған мақалаларды мұғалімдердің біліктілігін арттыратын ресурстар қатарына қосу, сондай-ақ олимпиадалар ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
Семинар қорытындысында барлық қатысушылар Kahoot платформасы арқылы білім сайысына қатысып, үздік шыққан 5 мұғалім арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, Қазақстан тарихы интернет-порталы – ұлттық тарих пен мәдениетті кеңінен насихаттайтын бірыңғай цифрлық ресурс. Порталда тарихи-танымдық мақалалар, мультимедиялық жобалар, электронды кітапхана мен оқушыларға арналған білім беру материалдары топтастырылған.