Алдағы жылдары Шығыс Қазақстаннан мұнай өндіріліп, экспортқа шығарылмақ. Қоғамда "Сарыбұлақ" кен орны туралы жиі айтыла бастады. Бұрын газ шыққан аймақтан енді мұнай табылып жатыр. Бірақ әлі де түсініксіз мәселелер бар. BAQ.KZ тілшісі тақырыпқа шолу жасады.
2023 жылы 10 млрд теңге қарыз арқалаған
Ермұрат Бәпи сол кездегі Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтан "Сарыбұлақ" кен орнында газ өндіретін "Тарбағатай-Мұнай" компаниясының 10 млрд теңге салық дауын шешіп беруді сұраған еді. Алайда Премьер-министр Әлихан Смайылов "Тарбағатай Мұнай" компаниясын қосымша салық пен айыппұл төлеуден босату туралы ұсыныстан бас тартты.
Заңға сәйкес салық төлеуші өзінің салық міндеттемелерін сақтауға міндетті, ал салық агенті салықтарды толық көлемде және белгіленген мерзімде дәл есептеуге, ұстап қалуға және аударуға міндетті. Бұл ретте тақырыптық салықтық тексеру барысында Серіктестіктің өзара байланысты тараптар болып табылатын XINJIANG JIMUNAI GUANGHULNG DEVELOPMENT CO, LTD компаниясына әлемдік нарық бағасынан төмен бағамен газ сатқаны анықталды. Осылайша салық салынатын айырмашылық пайда болды, - деп жауап қайтарған еді Үкімет басшысы.
Кейін кен орны Қаржы министрлігімен соттасып, ақыры ымыраға келді. Қарызды өтеу кестесі бекітіліп, оны кезең-кезеңімен өтейтін болды.
Қазіргі таңда Ұлттық экономика министрлігі Сарыбұлақ кен орнын рентабельділігі төмен, тұтқырлығы жоғары, су басқан, өнімділігі аз және игерілген кен орындарының тізбесіне енгізу туралы "Тарбағатай Мұнай" ЖШС-нің өтінішін пысықтап жатыр.
Қазір инвестормен бірлесіп жобаның барлық техникалық параметрлері пысықталып жатыр. Содан соң ол Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына шығарылады. Өз кезегінде, Энергетика министрлігі мен "Тарбағатай Мұнай" ЖШС жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделетін тиісті қарсы міндеттемелер бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Сондай-ақ осы кен орнының мұнайын отандық ірі мұнай өңдеу зауыттарында ("АМӨЗ" ЖШС, "ПМХЗ" ЖШС, 2 "ПКОП" ЖШС) өңдеу мүмкіндігі болмаған жағдайда инвестордың өндірілген мұнайды экспортқа беру мүмкіндігін қарастыру жоспарланып отыр, - деп жазылған Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың депутаттарға берген жауабында.
Мұнай Қытайға экспортталып жатыр ма?
Шығыс Қазақстан облысында мұнай мен газ өндіретін "Тарбағатай Мұнай" компаниясы Тарбағатай және Зайсан өңіріндегі Сарыбұлақ кен орнында мұнай ұңғымаларын салуды жоспарлап отыр. Аталмыш компанияның соңғы бенефициары – Қытай азаматы Сан Гуансинь. Бұл ақпаратты Kursiv.media сайтында жарияланды.
Экологиялық порталда жариялаған жоба бойынша, Сарыбұлақ кен орнында 64 мұнай ұңғымасын салу қарастырылған. Бұл кен орнынан тәулігіне 464 тонна мұнай, 17 168 текше метр газ өндіру жоспарланған. Мұнай бұрғылары 5 топқа топтастырылып, құрылысы қыркүйейек айында басталады. Құрылыс жұмыстарын алдағы 3 жылда аяқтау жоспарланған. Мұнай мен газ 2024-2031 жылдары өндірілмек.
"Тарбағатай Мұнай" компаниясы өте жақсы жұмыс істеп жатыр. Бүгінде олар Зайсан қазаншұңқырындағы халықты жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар ең ірі компания. Кәсіпорын Зайсан, Тарбағатай, Күршім және Марқакөл аудандарына де әсер ететін әлеуеті бар. Сондықтан үкімет тарапынан компанияға қолдау көрсету жөнінде ым-ишара бар. Ол енді біртіндеп құжат жүзіне айналады деп ойлаймын. Биыл күзге қарай бәрі бір ізге түссе, Сарбұлақ кенішіндегі мұнай өндіріле бастайды. Егерде толыққанда іске кірісетін болса, 1500-2000 жуық адамды жұмыспен қамтамасыз ететін мүмкіндігі пайда болмақ, - дейді Ермұрат Бәпи.
Депутат "Кен орны өңірдің дамуына қандай үлес қосты?" деген сауалға жауап берді.
Бұл жерде компанияның ешқандай жауапкершілігі жоқ, керісінше Зайсан ауданына 5-6 млн долларға газ құбырын тартып берді. Сол кезде жергілікті компания мен әкімшіліктің арасында келісім болған. Облыстық әкімшілік өз тарапынан міндеттемені жүзеге асыра алмады. Сол себепті Зайсан ауданы газбен толықтай қамтылмай қалды. Иә, тұрғындар арасында келіспеушілік бар, бірақ оған "Тарбағатай Мұнай" компаниясының қатысы жоқ, - дейді Бәпи.
Энергетика министрлігі не дейді?
Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов Қытай инвесторлары қазір геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтады.
Алғашында газ кен орны болған кезде, оның негізін қалаушылар қытайлық инвесторлар еді. Газ Қытайға экспортталып тұрды. Алайда 2022 жылдан кейін газды экспорттауға тыйым салынды, себебі ішкі нарықты қамтамасыз ету қажет болды. Барлық газ толықтай Зайсанға бағытталды, - дейді Жамауов.
Инвесторлар министрлікке ішкі нарықты қамтамасыз ету компания үшін тиімсіз екенін айтқан.
Компания иелері бізге "жақын маңда мұнай қоры бар, барлау жұмыстарын жүргізуге рұқсат беріңіздер. Жаңа жер қойнауын пайдалану келісімшартын жасаңыздар, ал біз сол мұнайды сатып, шығындарымызды өтейміз" деп айтты, - дейді вице-министр.
Осыған байланысты Энергетика министрлігі мұнай барлау жұмыстарына рұқсат беріп отыр. Бірақ мұнай қорының көлемі әлі белгісіз. Мұнайды өндіру жұмыстары басталған жоқ. Вице-министрдің айтуынша, қор көлемі дәлелденуге тиіс, кейін барып келісімшартқа жасалады. Әзірге нақты шешім жоқ.