Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлеуметтік желілерде жүргізуші куәліктерін сататын алаяқтар туралы полицейлердің бірнеше рет ескертуіне қарамастан, олардың қулықтарына түсіп қалатын азаматтар әлі де кездесуде.
Таразда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ автокөлік иелеріне арналған мамандандырылған бөліміне (мамандандырылған ХҚКО) жүргізуші куәлігін қалпына келтіру үшін 27 жастағы жергілікті тұрғын келеді, ол телефоннан куәлігінің суретін көрсетіп, белгісіз жағдайларда жоғалтып алғанын хабарлады.
Алайда, бұл азаматты ІІМ ақпараттық ресурстары бойынша тексеру кезінде Жамбыл облысы ПД ӘПБ процессинг орталығының қызметкерлері оның ешқашан жүргізуші куәлігін алмағанын анықтады.
Сауалнама барысында жас жігіт мессенджер арқылы белгісіз әйел теориялық және практикалық емтихандарсыз жүргізуші куәлігін дайындап беруге уәде бергенін түсіндірді. Осы қызмет үшін ол картаға 125 000 теңге аударған. Бірақ әйел жүргізуші куәлігінің суретін ғана жіберіп, "түпнұсқаға" тағы 80 000 теңге талап еткен.
Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі (Ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану арқылы жасалған алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.