Тараз қалалық Полиция басқармасының «102» жедел нүктесіне сағат 23:00 шамасында қала тұрғынынан 8 жасар қызының кешкі сағат 18:00 кезінде аулаға ойнауға шығып оралмағандығын, өзі іздеп таппағандығы
жайлы хабарлама түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кәмелетке толмаған қызды іздеу жұмыстарына полиция басқармасының жеке құрамы, 30 ерікті азамат, Ұлттық ұлан сарбаздары, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, кинолог мамандары мен қызметтік иттер жұмылдырылды.
Аталған топпен 7 сағатқа созылған іздеу шараларының нәтижесінде таңғы сағат 7.00 шамасында қыз қала аумағындағы аулалардың бірінен табылды. Ол өзінің ойнап жүріп, байқамай басқа аулаға кетіп қалғандығын, кеш батқанда үйіне қайтар жолды таппағанын айтқан.
Жасы кәмелетке толмаған қыз аман-есен өзінің анасына тапсырылды.
Жамбыл облысы Полиция департаменті ата-аналарға жасы кәмелетке толмаған балаларының кешкі уақыттарда, аулаға жеке ойнауға шыққан сәтте жіті бақылау жасау керектігін ескертеді!