«Байтақ» жасылдар партиясы Қазақстан өңірлеріндегі сайлауалды науқанын жалғастырып жатыр. Партия өкілдері Жамбыл, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында кездесулер өткізіп, экологиялық мәселелерді, қоршаған ортаны қорғау және сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығында партияның Жамбыл облыстық филиалы ұйымдастырған «Қазақстанның жасыл болашағы» атты дөңгелек үстел өтті. Оған қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар, экология саласының өкілдері мен журналистер қатысты.
Жиында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу, «Орталық Азияның жасыл белдеуін» дамыту, елді мекендерді көгалдандыру және экологиялық рекультивация мәселелері талқыланды. Сондай-ақ фосфогипстің жиналуынан туындайтын қауіптерге, санитарлық-қорғау аймағын кеңейтуге және экологиялық талаптардың сақталуына ерекше назар аударылды.
Сайлауалды жұмыс Ақтөбе облысында да жалғасып жатыр. Партияның облыстық филиалының белсенділері Хромтау ауданының тұрғындарымен кездесті. Ашық диалог барысында экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері сөз болды. Тұрғындар жергілікті проблемаларды шешуге қатысты ұсыныстарын айтып, ықтимал шешу жолдарын ортаға салды.
Маңғыстау облысында «Байтақ» өкілдері Түпқараған ауданына барды. Ауданның орталық музейінде филиал төрағасы Аллаберген Қонарбаев, саяси кеңес мүшесі Данияр Аралбаев және Құрылтай депутаттығына кандидат Тайыр Сағымбаев партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Кездесуде қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениет және орнықты даму мәселелеріне басымдық берілді.
Сонымен қатар қорытынды теледебатта партиялардың сөз сөйлеу реті анықталды. Жеребе қорытындысы бойынша «Байтақ» партиясына екінші нөмір түсті.
Шын мәнінде, нешінші болып сөз сөйлейтінің емес, өз ұстанымыңды көрерменге қаншалықты нақты әрі жүйелі жеткізе алатының маңызды. Ең бастысы – «Байтақ» жасылдар партиясының сайлауалды бағдарламасындағы әрбір тармақты халыққа дұрыс түсіндіру. Көңіл күй керемет. Барлығына сәттілік тілеймін! – деді партия төрағасы Азаматхан Әміртаев.
Жеті саяси партия көшбасшысы қатысатын қорытынды теледебат 19 тамыз күні сағат 20:00-де 24KZ телеарнасының тікелей эфирінде өтеді.