Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Былтыр қыркүйек айында республикалық деңгейдегі қайырымдылық қорларының өкілдері мен Жамбыл облысының әкімдігі маңызды әлеуметтік-экономикалық жобаларын жүзеге асыру аясында өзара ынтымақтастық туралы Жол картасын бекіткен болатын.
Осы құжат аясында тиісті ведомстволарға нақты тапсырмалар беріліп, жұмыс жоспары құрылған. Жол картасына сәйкес әкімдіктің білім басқармасына нақты 7 тармақ бойынша міндеттер жүктелген. Бұл туралы басқарма басшысы Гүлнар Ходжабергенова айтып берді.
Оның сөзінше, Тұңғыш Президент – Елбасы бастамасымен құрылған «Қамқорлық» қайырымдылық қорымен бірлесіп, Тараз қаласындағы №9, 35 орта мектептердің жанынан инклюзивті білім беруді қолдау орталықтары ашылған. Қазіргі таңда осы 2 білім ошағында ерекше білімді қажет ететін 20 бала, үйден оқытылатын 20 бала түзеу көмектерін алып жатыр.
Өзге де белсенді қайырымдылық қорларының қолдауымен Қордай ауданының орталығы Қордай ауылындағы №51 орта мектептен, Масаншы ауылындағы №13 және Сортөбе ауылындағы №16 орта мектептерден ашылатын ресурстық орталық пен психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің филиалдары толық жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар құрал-жабдықтармен, жиһаздармен қамтамасыз етілді, штаттық кестелері де бекітілді. Бүгінде №51 орта мектептегі ресурстық орталықтан ерекше білім беруге қажеттілігі бар 10 оқушы мен Масаншы, Сортөбе ауылдарындағы аудандық түзету кабинеттерінің филиалдарынан 15 бала білім алуда. Аталған мекемелердің ресми ашылуы осы ақпан айына жоспарланып отыр, - деп атап өтті жауапты маман.
Ол Жамбыл облыстық көп бейінді балалар ауруханасының жанындағы оңалту орталығына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгенін де айтты. Құрылыс жұмыстарына бөлінген 69 854 400 теңге толықтай игеріліпті. Енді жергілікті көпбейінді аурухананың перинаталды орталығы базасынан, Шу, Қордай аудандық орталық ауруханаларынан оңалту орталықтарын ашу үшін арнайы ғимараттар қарастырылып жатқан көрінеді.
Бүгінгі таңда «Сәби» қорына спорттық ойын алаңын салу үшін қажетті деректерін бердік. Алдағы наурыз-сәуір айларында Тараз қаласындағы «Мамыр» саябағының аумағынан межеленген 0,42 га жер теліміне спорттық ойын алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Белгіленген жер телімінің аумағын көруге және кейбір мәселелерді талқылау үшін қор өкілдері осы айда іссапармен келуі керек. Олар қазірдің өзінде спорт алаңының құрылысына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу үстінде, - деп атап өтті Гүлнар Махайқызы.
Айта кетерлігі, бұл балалар ойын қалашығын салу үшін жергілікті әкімдік өз құзыреті шегінде, құрылыс-монтаж жұмыстары басталғанға дейін жер учаскесінің аумағын дайындауға көмектесуі қажет. Ал қор өз қаражаты есебінен нысанның құрылысын көтеріп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді. Осы орайда, Тараз қаласындағы «Мамыр» саябағының аумағынан қарастырылған 0,42 га жер учаскесін алдын-ала дайындау, тегістеу, ағаштарды кесу және электр желілерін жүргізу жұмыстары бойынша қала әкімдігіне хат жолданыпты.
Инклюзивті білім беру саласында тәжірибе алмасу мақсатында өткен жылдың қазан айында сурдопедагог, логопед, дефектолог сынды арнайы мамандарға арналған «Инклюзивті білім. Халықаралық тәжірибе» тақырыбында шеберлік сағаттары өткізілген. Бұл шара аясында 150 маман онлайн дәріс алып, биыл тәжірибе алмасу курстарын өткізу жоспарланған. Бұл жұмыс та өзінің нақты жемісін береді деген ойдамыз», - деген басқарма басшысы былтыр облыстағы ерекше қажеттілігі бар балаларды түзету, оңалту, диагностикалау жұмыстары жүргізілгенін де айтты.Мұндай шаруалар 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келеді екен. Ал биылғы сәуір, маусым айларында мүмкіндігі шектеулі балалар арасында «Жұлдызай» фестивалі ұйымдастырылмақ.
Спикер мұқтаж отбасыларды үймен қамтамасыз ету мақсатында жеке компаниямен, қайырымдылық қорымен үшжақты меморандумға қол қойылғанын жеткізді. Бұл инвестициялық жобалар құрылысына жер учаскелерін беру Жер Кодексінің 48-бабының 1-тармағының 1-тармақшасына сәйкес жүргізілуде. Осы сияқты, «Тараз» АҚ ӘКК-ның өтінішімен, бір инвестициялық компанияға 14-шағын ауданнан орта қабатты көп пәтерлі тұрғын үй құрылысына, тағы бір компанияға 15-шағын ауданнан көп пәтерлі тұрғын үй құрылысына және «Асыл Адам» компаниясына осы шағын ауданынан көп пәтерлі тұрғын үй құрылысына жер учаскелері бөлінбек.
Жемісті келіссөздер нәтижесінде «Жарқын болашақ» жобасы облыс көлемінде іске асырылуда. Яғни, әр ауданнан әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 11 сынып оқушыларының тізімі жинақталып, іріктелу үстінде. Қазірдің өзінде Байзақ, Жамбыл, Меркі аудандары мен Тараз қаласынан 185 баланы ҰБТ-ға дайындау жұмыстары басталып кетті. Ал «Аяла» қоры үстіміздегі жылы аудан орталықтарында спорт алаңшаларын салуды жоспарлап отыр, - деді Г.Ходжабергенова.