Тараздағы фосфор зауытындағы жарылыстың алдын ала себебі анықталды

6 Тамыз 2023, 12:14
881
Бөлісу:
Тараздағы фосфор зауытындағы жарылыстың алдын ала себебі анықталды
Фото: видеодан кадр

Тараздағы Жаңажамбыл фосфор зауытында (ЖЖФЗ) болған оқиғаның алдын ала себебі аталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

3 тамыз күні сағат 11:30-да Жаңажамбыл фосфор зауытында контейнерлік цистернадан сары фосфорды алу кезінде жарылыс болып, екі қызметкер зардап шекті. Оқиға «ЖЖФЗ» ЖШС қоймасының аумағында болған. Фосфор зауытындағы жарылыс фактісі бойынша мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен комиссия құрылып, тергеу жүріп жатыр.

Жамбыл облысы полиция департаментінің хабарлауынша, Фосфор зауытындағы жарылыс фактісі бойынша полиция органдары ҚР ҚК 156-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады (ережелерді сақтауды ұйымдастыру және қамтамасыз ету бойынша міндеттер жүктелген адам жасаған қауіпсіздік техникасы қағидаларын бұзу салдарынан байқаусызда зиян келтіруге әкеп соқтырған). Осы бап бойынша жаза 300 АЕК-ке дейін айыппұл салуды немесе түзеу жұмыстарын жүргізуді немесе 75 тәулікке дейін қамауға алуды көздейді.

Еңбек инспекциясы басқармасымен бірлесіп алғашқы тергеу әрекеттері жүргізіледі. Тергеу барысы бақылауға алынды.

Оқиғаның алдын ала себебі ретінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау көрсетілген.

Сары фосфордың жарылуы кезінде зардап шеккен 26 және 32 жастағы зауыт жұмысшылары дереу Тараз қалалық көпсалалы ауруханасының реанимация бөліміне жеткізілді. Дәрігерлер олардың денесінің 22%-ы зақымданып, жағдайы ауыр екенін айтады. Фосфордың термохимиялық күйігі тіндерді зақымдап қана қоймай, жалпы улануды тудыратындығымен ауыр.

Өзгелердің жаңалығы