Таразда жеті қыз мектептің 9-сынып оқушысына шабуыл жасап, ауыр жарақат салған. Жәбірленуші екі күн жансақтауда жатқан. Қатыгез шабуылға байланысты қылмыстық іс қозғалып, барлық қатысушылар полицияға жеткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға №51 мектептің 9-сынып оқушысына қатысты болған. Туыстарының айтуынша, қыз балаға бір мезетте жеті қыз шабуыл жасаған.
Жанжал кезінде төбелеске арнайы соққы құралы – кастет қолданылған болуы мүмкін деген болжам бар.
Оқиға салдарынан мектеп оқушысы ауыр жарақат алып, екі күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан. Дәрігерлердің айтуынша, белгілі бір уақытқа дейін ол өздігінен қозғала алмай қалған.
Полиция не дейді?
Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысқан барлық тұлғалар анықталып, полицияға жеткізілген.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Төбелеске қатысқан барлық тұлғалар анықталып, полицияға жеткізілді. Олардың ата-аналары кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады ведомство.
Сондай-ақ жасөспірімдердің әрекеті кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында қаралған. Нәтижесінде олар профилактикалық есепке қойылды.
Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін жан-жақты анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Атырауда 21 жастағы жігіт 19 жастағы қызды соққыға жығып, пышақтағанын әлеуметтік желідегі тікелей эфирде көрсеткен. Белгілі болғандай, жігітке қатысты «Азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар сот оны ұсақ бұзақылық пен қоғамдық орында мас күйінде болғаны үшін 30 тәулікке әкімшілік қамауға алды.