Тараз қаласы маңындағы Бурыл станциясының жеке теміржол өткелінде ірі жол-көлік оқиғасы орын алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мәліметінше, «Mercedes» маркалы жеңіл автокөліктің жүргізушісі өткелден өту ережесін бұзып, салдарынан жүк пойызының вагондарына және маршруттық автобусқа соқтығысқан.
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, апат салдарынан екі адам – 57 жастағы жүргізуші мен 13 жастағы жолаушы жарақат алған. Екеуі де ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оларға «ми шайқалуы» диагнозын қойды.
Оқиғаға байланысты тиісті органдар тексеріс жүргізіп жатыр. Темір жол компаниясы азаматтарды теміржол өткелдерінен өту кезінде жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.