Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында Премьер-министр Әлихан Смайылов Тараз қаласының сарқынды суларды сүзу алаңдарының жай-күйімен және жаңа кәріз-тазарту құрылыстарын (КТҚ) салуға дайындық барысымен танысып, сондай-ақ жаңа облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Таразда сарқынды суларды сүзу алаңдары 1962 жылы салынған және бүгінде әбден тозығы жеткен. Олардың жобалық қуаты – тәулігіне 43 мың м3, іс жүзінде онда күн сайын шамамен 70-80 мың м3 сарқынды су жиналады. Мәселені шешу үшін әкімдік жаңа кәріз-тазарту құрылыстарын іске қосу жобасын әзірлеп бастады. Қазіргі уақытта қажетті техникалық құжаттама дайындалып жатыр, құрылысты 2025 жылы бастау жоспарланып отыр.
Премьер-Министр Таразда өнеркәсіп нысандарының көбейіп, халық саны артып келе жатқанын, алайда қалада әлі күнге шешімін таппаған коммуналдық мәселелер бар екенін атап өтті.
Қалада тазарту қондырғылары жоқ. Бұл өзендер мен жер асты суларының ластануына әкеліп соқтыратын үлкен проблемаға айналады. Әкімдік жоспарлы қуаттылығы тәулігіне 100 мың текше метр болатын жаңа тазарту қондырғылары бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр. Жобаны жүзеге асыруға тездетіп кірісу керек, — деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ ол «Қазфосфат» ЖШС полигоны мен қалдықтардың жиналуына қатысты түйткілді мәселелерді шешу қажеттігін айтты.
200 орындық жаңа онкологиялық диспансерде Премьер-министрге заманауи сәулелік терапиясына арналған Elekta Versa HD медициналық аппараты орнатылғаны баяндалды. Аппарат дәлділігімен ерекешеленеді. Дәрігерлердің айтуынша, ол кез келген локализацияның және кез келген конфигурацияның ісіктерін емдеуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, орталық басқа да заманауи құрылғылармен, оның ішінде компьютерлік томография, магнитті-резонанстық томография, цифрлық маммография, рентген аппараты, ультрадыбыстық аппарат және т. б. жабдықталған.
Әлихан Смайылов өңірде заманауи онкологиялық орталықтың ашылуы өте қажетті әрі дұрыс қадам болғанын, бұл онкологиялық ауруларға ерте диагностика жүргізуге және оларды уақытылы емдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін баса айтты.
Өңірде перинаталдық орталық пен жаңа аудандық ауруханаларға және фельдшерлік-акушерлік пункттерге де қосымша қажеттілік бар. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдікпен бірлесіп, оларды салу мәселесін, оның ішінде Ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде пысықтауы тиіс, — деді ол.