Астана, BAQ.KZ. Тараз қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйде орын алған жарылысқа орай құрылған облыстық штабтың шұғыл отырысы өтіп, оған облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысты, деп мәлімдеді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Онда апатқа қатысты барлық жағдайлар егжей-тегжейлі сараланды. Өңір басшысына орын алған қайғылы оқиға туралы толығымен хабарланып, оның себебін анықтау мен салдарын жою, марқұмдардың отбасы мен зардап шеккендерге көрсетіліп жатқан көмектердің барысы баяндалды.
Асқар Исабекұлы он пәтер иесінің жеке басын анықтау, зардап шегушілердің заттары тонауға түспес үшін үздіксіз күзет қызметін ұйымдастыру, апат орын алған аумақтағы қоқыстарды таңғы сағат 4-ке дейін тазалап, 2-3 метрлік қоршау орнату секілді тағы да басқа көптеген тапсырмалар жүктелді. Сонымен қатар, марқұмдардың жерлеу рәсіміне көмек көрсету, ауыр жарақаттанғандардың жағдайын жіті бақылауда ұстап, қажет болса арнайы мамандарды республикадан алдырту керектігі де айтылды.
Тұрғын үйлері жарамсыз болып қалған тұрғындарға көрсетілетін материялдық көмек көлемін анықтап, дайындау шараларын да жедел жүргізу тапсырылды.
Алдағы уақытта тұрғын үй қайта қалпына келтіріліп, толығымен күрделі жөндеуден өтеді.
Бүгін сағат таңғы 9:00-де облыстық балалар ауруханасында жатқан науқас бойынша Астана қаласындағы нейрохирургия ұлттық ғылыми орталығымен телемедицина ұйымдастырылып, әрі қарай емдеу тактикасы келісіліп, ота жасау үшін медициналық құжаттары нейрохирургия орталығына жолданды.