Тараз қаласының білім бөлімі қаланың №25 орта мектебінің оқушылары мен №51 орта мектептің бір оқушысы арасында болған кикілжіңге қатысты жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға неден басталған?
5 наурыз күні сағат 23:49 шамасында Тараз қаласы, Қарасу массиві мекен жайы бойынша №51 мектептің А. есімді қызы жәбірленуші №25 мектептің А.К. есімді қызын ұрып кеткені туралы хабарлама тіркелген. Осыған байланысты үш жасөспірім ата-аналарымен бірге Тараз қаласы Полиция басқармасына жеткізілген.
Анықталған ақпаратқа сәйкес, кәмелетке толмағандар арасында өзара жанжал болған. Тараптар татуласып, олардың ата-аналарының қатысуымен жасөспірімдерге түсіндірме және профилактикалық жұмыстар жүргізілді.
Жәбірленуші қыздың анасы Б.Г. ешкімге қатысты арыз-шағымы жоқ екенін көрсетіп, бұл туралы жазбаша түсініктеме бергені анықталды.
Алайда келесі күні, яғни 5 наурыз күнгі қыздар арасындағы кикілжіңнен кейін 6 наурыз күні №25 мектептің соққы алған оқушысы А.К. жанына бейтаныс қыздарды ертіп барып, №51 мектептің А. есімді қызын тұрғылықты мекен-жайында ұрып кеткен.
Қыздың жағдайы қалай?
Сол күні №51 мектептің оқушысы балалар ауруханасына, нейрохирургия бөліміне түскен. Бұл туралы полиция және аурухана қызметкерлері хабарлаған.
Аурухана дәрігерлерінің айтуынша, жәбірленуші қызда ешқандай ауыр соққы, денсаулығында ешқандай потология болмаған. Қыз реанимация бөліміне түспеген. Қызды томографияға түсірген. Денсаулығы қалыпты жағдайда болғанына байланысты 11 наурыз күні қыз ауруханадан шығарылған.
Бұл факт бойынша білім бөлімі, мектеп әкімшілігі, полиция 7-11 наурыз аралығында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Төбелескен қыздардың ата-аналары жауапқа тартылды
Сабақтан тыс кешкі уақытта кәмелетке толмаған қыздарға қадағалау жүргізбеген ата-аналардың міндеттері таныстырылды. Қала әкімдігі жанындағы комиссия отырысында 11 наурыз күні қаралды. Екі ата-ананы да полиция ӘҚБтК 127-бабы бойынша жауапкершілікке (10 АЕК, яғни 43 250 теңге) тартты.
Осы оқушылардың ата-аналары сол уақытта үйлерінде болған, қыздары сабақтан тыс уақытта құқық бұзушылыққа барған. Сонымен қатар тергеп тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жалған ақпараттар тарату әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеміз, - дейді полиция.