Таразда халықаралық әйелдер мерекесіне орай қолөнер бұйымдарының көрмесі ашылды. Көркемсурет галереясында 30-ға жуық шебер өз жұмысын келушілер назарына ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Киім үлгілері, зергерлік әшекейлер, кестелеп тоқылған қолөнер бұйымдары мен қылқалам шеберлерінің туындылары бар. Сәлима Үсіпәлиева отыз жылдан бері тоқыма өнерімен айналысады. Ұмытыла бастаған өрмек тоқу технологиясын жаңғыртып, киім мен сөмке тоқиды.
Тіпті шет елден тапсырыс беретіндер бар. Қазір аймақта тігін және тоқымамен 100-ге жуық шебер айналысады. Көрме 7 наурызға дейін жалғасады. Тамашалап қана қоймай, ұнаған бұйымды сатып алуға болады.
Өрмек тоқу технологиясы ұмытылып кетпесін деп көкірекшелер, күртешелер, қол сөмкелер тігемін, - дейді қолөнер шебері Сәлима Үсіпәлиева.