Таразда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту кешені ашылды

21 Наурыз 2021, 01:30
1734
Бөлісу:
Таразда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту кешені ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тараз қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Асар» оңалту-сауықтыру орталығы ашылды.

Мұнда ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ересектер болашаққа деген сенімдерін нықтап, алдыға қойған мақсаттарына жетуге талпынатын болады десек, оған мемлекет пен жанашыр жандар барынша жағдай жасауда.

Кешен екі корпустан – негізгі және бизнес-инкубатордан, яғни шеберханалардан тұрады. Біріншісінде 30 бөлме болса, бизнес-инкубаторда тағы сегіз бөлме бар. Мүгедектігі бар адамдар үшін жеті тігін, үш токарлық, фрезерлік және лазерлік станоктар, усақтағыш қондырғылар орнатылған. Орталықта өз бетінше қозғалып немесе отырып жұмыспен айналыса алатын келушілер жұмысқа орналасу немесе өз ісін ашу үшін жаңа кәсіптерді игеретін болады.

Осыдан бір жыл бұрын біз келесі жылы жаңа кешен салынады деп уәде берген едік. Уәде орындалды. Енді кешенді кеңейтіп, монша, бассейн, иппотерапия орталығын салу қажет. Сіздер үлкен  күш-жігерге иесісіздер, кездескен қиындықтарды жеңуде және мақсатқа жету жолында көпке үлгісіздер. Демеушілер мен құрылысшыларға да сапалы жұмыстары үшін алғысымды айтамын. Баршаңызды Наурыз мерекесімен құттықтаймын! - деді Бердібек Сапарбаев.

«Асар» ЗТБ төрағасы Руслан Төлегенов көмек қолын созған барша адамдарға шын жүректен ризашылығын жеткізді.

Бүгін біз үшін үлкен мереке. Орталықтың ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ашылуы оның мәнін тіпті арттыра түскендей. Әлеуметтік салада мемлекеттік қолдаудың жыл сайын артып келе жатқаны белгілі. Соңғы жылдардағы қиын жағдайларға, әлемдік экономикалық дағдарысқа және коронавирустық пандемияға қарамастан, бірде-бір әлеуметтік пакеттің қысқаруына жол берілген жоқ. Керісінше, қолдау шаралары артты. Бердібек Машбекұлы әлеуметтік мәселелерді шешудің барлық жолдарын таба алады, және түсінеді. Жамбыл облысын басқарып отырғаны біз үшін үлкен мәртебе. Біздің барлық бастамаларымыз облыс әкімінен қолдау табуда. Бүгінде билік, бизнес және үкіметтік емес ұйымдар бір отбасы секілді бірлесіп әрекет етуде, - деді Руслан Төлегенов.

Сондай-ақ, мұнда балаларды жалпы білім беретін мектепте оқытуға дайындайды. Психологиялық қызмет, күндізгі стационар палаталары, массаж, дәрігерлік қабылдау және ем-дом, электрофорез кабинеттері жұмыс жасайды.

Бизнес-инкубаторда ересектер ағаш ою, тігін, токарлық жұмыстармен айналыса алады.


Өзгелердің жаңалығы