Жамбыл облысында жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, интеллектуалды әлеуетін көтеруге бағытталған "Әулиеата — кітап оқитын өңір" жобасы аясында "Ой шебері" зияткерлік ойыны ұйымдастырылды. Шара Жамбыл облыстық "Мөлдір бұлақ" оқу-сауықтыру орталығында өтті және мыңдаған жасқа жаңа мүмкіндік сыйлады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Әулиеата — кітап оқитын өңір» аясында осы уақытқа дейін «Оқушылар лигасы», «Дарынды мектептер лигасы» және «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары лигасы» бойынша 15 ойын өткізіліп, 400 команда, шамамен 2000 кітап қамтылды. Бұл көрсеткіш жастардың білімге деген құштарлығы артып келе жатқанын көрсетеді.
«Ой шебері» ойыны уақыт өте мазмұнын кеңейтіп, жаңа әдістемелік бағыттармен толықтырылуда. Қарапайым білім жарысы ғана емес, жас буынның креативті ойлау қабілетін жетілдіретін алаңға айналды. Жоба кітап оқу мәдениетін дәріптеуде және білімге құштар жастардың қатарын көбейтуге бағытталған.
Ойындар үш түрлі лига бойынша ұйымдастырылды.
Оқушылар лигасы – жалпы орта білім беру ұйымдарының оқушылары үшін өткізілді. Жыл бойы өткен 11 ойында жүздеген команда бақ сынап, тек үздіктер ғана гранд финалға жолдама алды. Бастапқыда 350-ден астам команда жарысқа қатысып, финалға ең мықты 11 топ қана шықты. Олар 2 миллион теңгелік жүлде қорына таласу үшін күресті. Гранд финалға қатысушыларға алдын ала 20 түрлі кітап ұсынылып, солар бойынша сұрақтар дайындалды.
Финалда бақ сынаған командалар қатарында:
Меркі ауданынан – Сыпатай Әлібекұлы атындағы №19 орта мектебі;
Тұрар Рысқұлов ауданынан – Құлан тірек мектеп-гимназиясы;
Мойынқұм ауданынан – Шығанақ орта мектебі;
Сарысу ауданынан – Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-гимназиясы;
Жамбыл ауданынан – Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебі;
Талас ауданынан – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гимназия;
Жуалы ауданынан – Әлихан Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейі;
Байзақ ауданынан – Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясы;
Шу ауданынан – Абай атындағы орта мектебі;
Тараз қаласынан – №15 мектеп-гимназиясы және №23 орта мектебі.
Айта кетерлігі, финалда екі Мұхтар Әуезов атындағы мектеп және екі №15 мектеп кездесті – бұл да білім додасындағы қызықты сәттердің бірі болды.
Дарынды мектептер лигасы да ерекше тартысты өтті. Бұл бағытқа облыстың мамандандырылған мектептерінен 20 команда өтініш беріп, олардың ішінен үздік 11 топ ақтық сынға жетті. Қатысушылардың әрқайсысы 16 кітап оқып дайындалды. Жүлде қоры – 1,2 млн теңге болды. Үш кезеңнің нәтижесі қосылып, жеңімпаздар анықталды:
3 орын – Абай атындағы дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-гимназиясының «Тастүйін» тобы (300 000 тг)
2 орын – «Дарын» лицей-интернатының «Самұрық» тобы (400 000 тг)
1 орын – «Білім-инновация» лицей-интернатының «Руханият» тобы (500 000 тг және «Ой шебері» кубогы).
Жеңімпаздарды Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы жанындағы «Жамбыл дарыны» орталығының директоры Майра Есеналиева марапаттады.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары лигасы да биыл жастардың белсенді қатысуымен өтті. Бұл лигаға 25 команда қатысып, ішінен үздік 13 топ финалға жетті. Жүлде қоры – 1,2 млн теңге. Қатысушылар 15 кітап оқып дайындалды. Қорытындысында:
3 орын – Қордай ауданының «Береке» колледжінің тобы (300 000 тг)
2 орын – Жамбыл медициналық жоғары колледжі (400 000 тг)
1 орын – Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі (500 000 тг және «Ой шебері» кубогы).
Финалдық бәсекенің тағы бір жаңалығы – сұрақтарды әзірлеуде жасанды интеллект қолданылуы.