Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңірде 64 бұзушылық тіркеліп, оның ішінде 3-еуіне ескерту берілсе, 18 адамға айыппұл салынған. 10 адам қамауға алынып, қалған істер соттың қарауына жіберілді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс бойынша ТЖ режимі енгізілгеннен бері 372 құқық бұзушылық, оның ішінде 370-і ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша және екеуі – ҚР ӘҚБтК-нің 478-бабы бойынша анықталды. Құқық бұзушылардың 26-ы ескерту алды, 148-іне айыппұл салынды, 61-і қамауға алынды, қалған істер соттарға қарауға жіберілді.
Карантин кезінде Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлерімен облыс орталығының, аудандардың, ауылдық елді мекендердің аумағына шығуы және кіруі, жеке көліктің қозғалуын шектеу, қажет болған жағдайларды қоспағанда, тұрғындардың тұрғын үйінен шығуы, 65 жастан асқан адамдардың және он сегіз жасқа толмаған адамдардың тұрғын үй-жайдан шығуы, тұрғылықты жері бойынша отбасылық іс-шараларды өткізуі, жәрмеңкелердің, азық-түлік базарлары, автомобиль, киім-кешек, мал базарларының жұмыс тәртібі және адамдар көп жиналатын басқа да нысандар бақыланады.
Қалалық штабтың шешіміне сәйкес, 17 сәуірден бастап Тараз қаласында қалалық көлік қозғалысы толықтай тоқтатылды. Жеке автокөлікпен тек 08:00-ден 10:00-ге дейін және 17:00-ден 19:00-ге дейін жүруге рұқсат етіледі. Қалған уақытта автокөліктің қозғалысына анықтама арқылы да тыйым салынады.
Әкімшілік жауапкершілікке карантин режимін сақтамайтын адамдар тартылатын болады.
Жамбыл облысының Полиция департаменті аймақ тұрғындарын әр азаматтың және жалпы қоғамның денсаулығы үшін қабылданатын, енгізілген карантиндік режим талаптарына жауапкершілікпен қарауды сұрайды.