Таразда қоғамдық көлік тұрақта тұрған 10 автокөлікті қағып кетті. Оқиға салдарынан автобус салонында отырған 56 жастағы жолаушы зардап шекті, деп хабарлайды BAQ.KZ Жамбыл облысының полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жол апаты 4 қаңтар 10:45 шамасында Төле би көшесінде болған.
№56 автобустың 33 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, тұрақта тұрған 10 автокөлікпен соқтығысқан.
Жол апаты кезінде автобуста 10 жолаушы отырған. Оның біреуі – 56 жастағы әйел алған жарақатымен қалалық ауруханаға жеткізілді, - деп жазылған хабарламада.
Автобус жүргізушісіне қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы (Көлiк басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті сараптамалар жасалады.