Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Көне-Тараз" тарихи-этномәдени кешенінің бір бөлігі ретінде "Арбат-2" жаяу жүргіншілер алаңы ашылды. Ол – тұрғындар үшін тынығуға арналған таптырмас орын. Арбатта сегіш бұрышты 4 субұрқағы орналасқан. Сондай-ақ көлеңкелі орындықтар орнатылған.
Көне Тараздың қазба жұмыстарын жүргізу барысында табылған жәдігерлердің макеттері қойылған, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Арбат "МАRТ" ойын-сауық сауда орталығынан Аққозиев көшесіне дейінгі аралықты алып жатыр. Ұзындығы –500 метрге жуық. Онда бекітілген аумақ тегістеліп, 2400 шаршы метрге жуық жаяу жүргінші жолдары төселді. Бұрынғы "Шахристан" базарының қоршауына демонтаждау жұмыстары жүргізілді.
2434 шаршы метр аумаққа газон төсенішін төсеу, 76 дана тал ағаштарын отырғызу және жарықтандыру бағаналарымен қамтамасыз ету жұмыстары қарастырылуда. "Арбат-2"-ге 24 жәдігердің шағын архитектуралық нысандары қойылды.
Арбат құрылысын бас мердігер "Север-ЮГ Универсал" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.
Айта кетейік, бұған дейін облыс орталығында мұндай жаяу жүргіншілерге арналған Арбат болған емес. Осы тұрғыдан алғанда, бұл қала тұрғындары мен қонақтары үшін тамаша тарту болып отыр.
Жалпы, "Көне-Тараз" тарихи-этномәдени кешенінің аумағына 45 мың шаршы метрге өрнектас төсеніш төселіп, 6 субұрқақ орнатылды. 67 дана орындық, 57 дана қоқыс жәшіктері және 2 дана беседка қойылған.
Сондай-ақ алдағы уақытта "Арбат-1", "Арбат-3" жобалары да жүзеге аспақ. Ол ғана емес, "MART" сауда орталығының артындағы 350 метр канал бойына кіші архитектуралық нысандар салынып, келушілерге жайлы жағажай жасалмақ.