Таразда 15 жаңа автобус пайдалануға берілді

7 Шілде 2024, 08:29
495
Бөлісу:
Таразда 15 жаңа автобус пайдалануға берілді
Фото: gov.kz

Тараз қаласында су жаңа 15 автобус пайдалануға берілді. Бұл автобустар халық тығыз орналасқан, көптен бері қажеттілік туындап жүрген бағыттарға бөлінді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қаладағы қоғамдық көліктердің паркін жаңарту және санын артыру жұмыстары қолға алынып, жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі жаңа автобустардың жеткізілуі – осының айқын көрінісі, – деген шаһар басшысы қаладағы автопарктер тұрғындарға сапалы қызмет көрсету қажеттігін тілге тиек етті.

«ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС басшысы Рашид Пірмановтың айтуынша, шаһарға жеткізілген «Isuzu» маркалы су жаңа қоғамдық көліктер көршілес Өзбекстан мемлекетінде өндірілген. Олардың ұзындығы 9 метрді, ал жалпы сыйымдылығы 70 адамды құрайды. Автобустар төмен еденді, пандуспен және 6 бейнебақылау құрылғысымен жабдықталған.
Жеткізілген автобустардың 10 бірлігі №29 бағыттағы ескірген автобустарды алмастырса, қалған 5-еуі №12 маршруттағы кесте санын арттырады. Осылайша №12 бағытта қатынайтын 12 кестені 16 кестеге арттырып, жүру жиілігін 12 минуттан 8 минутқа дейін қысқарту көзделуде.

Жалпы Тараз қаласында жолаушылар тасымалын жандандыру, жетілдіру және тұрғындарды қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленген болатын. Соған сәйкес жыл сайын қалаға 70 жаңа автобус жеткізу жоспарланған еді. Алайда биыл облыс орталығына бүгінгі күнге дейін 80 бірлік автобус жеткізіліп, жоспарлы меже артығымен орындалуда. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін қосымша 50 автобус алып келу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, автопарктердегі жылжымалы құрамдарды жаңарту үшін өткен жылы Тараз қаласына 73 жаңа автобус жеткізілген болатын.

Өзгелердің жаңалығы