Тараз теміржол вокзалы жаңарып, қайта пайдалануға берілді

Тараз теміржол вокзалын жаңартуға 3,4 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған.

 Жамбыл облысы әкімдігі 24 Қазан 2026, 23:23
24 Қазан 2026, 23:23
185
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Республика күні қарсаңында Жамбыл облысында қайта жаңғыртудан өткен «Тараз» теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде теміржол вокзалдарын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы бағдарлама аясында Жамбыл облысындағы Тараз, Шу, Түрксіб, Отар және Боранды станцияларындағы бес вокзалды жаңғырту жоспарланған. Жобалардың жалпы құны 14,1 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде Тараз теміржол вокзалын жаңартуға 3,4 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған.

Жаңғырту жұмыстары барысында вокзал ғимараты, перрон, вокзал маңы алаңы және оған іргелес аумақ жаңартылды. Нәтижесінде жолаушылардың қауіпсіз әрі еркін қозғалуына, сапалы қызмет алуына қолайлы жағдай жасалды.

Ашылу салтанатында облыс әкімі жаңартылған вокзалдың өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, заманауи вокзал қаланың іскерлік белсенділігі мен туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.

– Ғасырдан астам уақыт бойы ел мен өңірлерді байланыстырып келе жатқан «Тараз» теміржол вокзалы жаңа кезеңге қадам басты. Бұл оқиғаның Республика күні қарсаңында өтуінің де мәні зор. Өйткені қуатты мемлекет сапалы жолдан, берік байланыстан, заманауи инфрақұрылымнан және азаматтарға жасалған қолайлы жағдайдан құралады, – деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ облыс әкімі теміржолдың Тараз қаласының қалыптасуы мен экономикалық дамуына қосқан үлесіне тоқталды. 1920 жылғы қарашада Арыс–Бішкек теміржол желісінің Әулиеатаға жетуі сауда-саттық пен өндірістің дамуына серпін берді. Ал 1930 жылы Түркістан–Сібір магистралінің іске қосылуы қаланың көлік жүйесіндегі маңызын арттырып, ірі теміржол торабына айналуына жол ашты.

Айта кетейік, вокзалдың қазіргі негізгі ғимараты 1986 жылы пайдалануға берілген. Содан бері мұнда миллиондаған жолаушыға қызмет көрсетілді.

Бүгінде вокзал қыс мезгілінде тәулігіне шамамен 2,5 мың, ал жазда 3 мың жолаушыны қабылдайды. Ғимараттың жалпы сыйымдылығы – 600 адам, ал күту залы 200 жолаушыға арналған. Сонымен қатар вокзал тәулігіне 28–32 жолаушылар пойызына қызмет көрсетеді.

Наверх