Жолаушылар пойызының машинисі мен оның көмекшісінің кәсіби әрекеті арқасында теміржолда орын алуы мүмкін апатты жағдайдың алдын алды, деп хабарлайды BAQ.KZ "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясына сілтеме жасап.
Пойыз жолында трактордан ағытылып қалған, жүк тиелген тіркемелер кенеттен пайда болған. Алайда локомотив бригадасы шұғыл тежеу жүйесін дер кезінде қолданып, пойызды тіркемелерге екі метр қалғанда тоқтата алды.
Машинист пен оның көмекшісінің кәсіби әрі үйлесімді іс-қимылының арқасында жолаушылар мен пойыз құрамына төнген қауіп сейілді. Апаттың алдын алудағы бұл әрекет – теміржолшылардың жоғары жауапкершілігі мен дайындық деңгейін көрсетеді, - делінген ресми хабарламада.
Оқиға орнына дереу тиісті қызметтер тартылып, тіркемелер жылдам теміржолдан алынып тасталды. Пойыз бұдан соң сапарын жалғастырды. Ақпарат құқық қорғау органдарына жолданды.
"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы өткелдерден өту кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Теміржол – жоғары қауіп-қатер аймағы, сондықтан тәртіп пен ережелерді бұзу қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін.