Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласындағы №43 орта мектепте орналасқан №77 сайлау бөлімшесінде 2 982 тұрғын тіркелген. Қазіргі таңда мұның 230-ға жуығы дауыс беріп үлгерді. Бұл жалпы сайлаушылардың 10%-ға жуығы.
Бұл жайында осы нысандағы «Аманат» азаматтық платформасынан келген бақылаушы Әсем Амангелдиева айтты.
«Азаматтар жеке куәліктерінің нөмірі арқылы тіркеліп, бір ғана сайлау парағын алып, өз таңдауларын жасап, жәшікке салып жатыр. Осы учаскені бақылаушы ретінде алдына ала тексерген болатынмын. Барлығы талап сай орындалған. Үміткерлер туралы ақпарат беретін стенд бар. Кезекшілер тізімі орнында болды. Бүгін де арнайы жәшіктердің пломбалары біздің көзімізше салынды», - деді Әсем Бауыржанқызы.
Бақылаушы дауыс беру барысы заң талаптарына сай кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасатынын айтты. Содан соң, сайлау учаскесі жабылып, іле-шала жәшіктердегі пломбалар алыну керек.
«Дауыс беру парақтарын санау кезінде де бақылауымызды жалғастырамыз», - дейді «аманаттық» бақылаушы.
Айта кетейік, Жамбыл облысы бойынша 484 сайлау учаскесі таңғы сағат 7:00-ден бері сайлаушыларды қабылдап, таңдау жасауларын қамтамасыз етуде. Өңірдегі тұрғындардың белсенділіктеріне бақылаушылар оң бағалауда. Әзірге ешқандай заңсыздық орын алған жоқ.