Тараз қаласында жыл басынан бері 64 қолайсыз отбасы есепке алынды

26 Мамыр 2022, 20:30
1787
Бөлісу:
Тараз қаласында жыл басынан бері 64 қолайсыз отбасы есепке алынды
Фото: автордан

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбылдағы Іскер әйелдер қауымдастығы «Отбасын қолдау мектебі» жобасының командасы өңірдегі тұрғындарға көмек көрсетіп жатыр. 

Олар бұл игі іске аймақтың полиция департаментімен және облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсетуге арналған дағдарыс орталығымен бірлесіп кіріскен. Мамандар Тараз қаласындағы шағын аудандардың тұрғындарымен кездесулер өткізіп, отбасылардағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесуді, мұндай жағдайларды анықтауды, жәбірленушілерге құқықтық кеңеңс беріп, көмек көрсетуді мақсат тұтқан.

Отбасының әл-ауқаты, оның проблемалары қай кезде де балалардың тәрбиесіне, санасына айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан психологтар мен медиаторлар шаңырақ мүшелерімен жекелеген әңгімелер барысында мықты отбасылық байланыстардың маңыздылығын атап өтуге тырысады. Бұл жұмыс «Отбасы институтын нығайту және гендерлік мәдениетті қалыптастыру» жобасы аясында, оның ішінде Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының бастамасымен екінші жыл қатарынан жалғасын тапты, - деп түсіндірді «Жамбыл облыстық отбасын қолдау мектебі» жобасының менеджері Шахло Таласова.

Өңірдегі полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы, полиция подполковнигі Диляфруз Кенжеханованың айтуынша, Тараз қаласында жыл басынан бері 64 қолайсыз отбасы есепке алынған.

«Бұл отбасыларда жанжалдар, ұрып-соғу деректері үнемі орын алып тұрды. Тексеру жұмыстарының барысында алкогольді асыра пайдалану, жақындарына деген агрессия фактілері анықталған. Біз оның барлығын тіркеп, барынша жүйелі жұмыстарды қолға алғанбыз», - дейді полиция подполковнигі.

Айта кетейік, жоғарыдағы шараны ұйымдастырушылар аймақтағы полиция бөлімдерінде, №7 мектеп-гимназияда және №59 орта мектепте есепте тұрған тұрмысы нашар отбасылардың мүшелерімен екі мәрте кездесу өткізді. Әйелдерге, балаларға қатысты отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша проблемалық шаңырақтармен жеке-жеке жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Отбасы мүшелеріне агрессия мен зорлық-зомбылық көрсетудің жауапкершілігі де түсіндірілді. Оларға «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне отбасы институтын нығайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы туралы жан-жақты айтылды. 

Әңгімелесулер барысында полиция қызметкерлері отбасындағы зорлық-зомбылықтың негізгі себептерін анықтап, Қазақстандағы дағдарыс орталықтары мен отбасыларды қолдау мекемелерінің зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдары, жалпы ата-ананың үйдегі рөлі туралы айтты.

Өзгелердің жаңалығы