Тараз көшесінде кәмелетке толмаған бала атпен шауып келе жатып, жеңіл көлікке соғылды. Соққының қатты болғаны соншалық, жануар оқиға орнында өліп кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Кадрлардан аттың балаға ие бермей екпіндей шауып, көлікке соқтығысқанын көруге болады. Соққы салдарынан бала атымен бірге мұрттай ұшып, асфальтқа құлаған.
Тараз қаласының ПД мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасына қатысты тексеру жүргізілуде. Автокөлік айып тұрағына қойылған.
«Toyota» маркалы автокөлігі мен кәмелетке толмаған бала мінген жануарға қатысты жол апаты дерегі бойынша полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп жатыр. Баланың ата-анасы кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Автокөлік мамандандырылған айып тұрағына қойылды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тексеру шаралары жүргізілуде. Олардың нәтижелері бойынша Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады, – деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Астана маңындағы жолда жеңіл көлік жылқыға соғылған болатын.