Алматы, BAQ.KZ. Бүгін ҚР Президент әкімшілігі мен Тараз қалалық мәслихаттың келісімімен, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Қарабалаев Айтқазы Дәулетқұлұлы Тараз қаласының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрадин Рақай әлеуметтік желіде жазды.
Оның айтуынша, аймақ басшысы Асқар Мырзахметов қала активіне шаһардың жаңа басшысын таныстырып, бірқатар нақты тапсырмалар жүктеген.Өңір басшысы облыс орталығы болған соң қала әкіміне жүктелетін жауапкершіліктің салмағы да жеңіл болмайтынын атап өтіп, әлеуметтік мәселелерді шешуде, экономиканы көтеруде табандылық пен жүйелі жұмыстың керектігін баса айтты. Әсіресе, қала маңындағы саяжай-алқаптарын газдандыру мен таза ауыз су тарту, қаладағы жолдарды реттеу, жолаушылар тасымалындағы қоғамдық көліктерді электронды билеттендіру, аялдамаларды бірыңғай типке келтіру бойынша хаттамалық тапсырмалардың әлі күнге орындалмағанын тілге тиек етіп, жаңа әкімге осы орайда нақты шаралар қабылдау керектігіне назар аудартты, - деп жазды ол.Айтқазы Қарабалаев Жуалы, Талас аудандарының әкімі болған, бүгінге дейін "ҚазТрансГаз Аймақ" Түркістан облыстық өндірістік филиалының директоры лауазымдарында қызмет атқарып келген.
Еске салсақ, Тараз қаласында мектеп оқушысын дәретханада зорлау оқиғасынан кейін, 21 қараша күні мемлекет басшысы қала әкімі Қайрат Досаевты орнынан босатқан болатын.