Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының депутаты Берік Дүйсенбинов Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа карантин шектеулеріне қатысты депутаттық сауал жолады.
Ол «Ақ жол» фракциясының депутаттары өңірлерде кәсіпкерлермен, рестораторлармен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылағанын айтты. Олар карантиндік шектеулерді талқылаған.
Осы бизнестің өкілдері отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым салуды алып тастауды талап етті. Осы ретте олар өз тарапынан ұсыныстар пакетін де дайындаған. Мысалы, қызметкерлерді 100% вакцинациялау, Ashyq жүйесін қолдану, үй-жайды дезинфекциялау, келушілер сыйымдылығын 30-50%-дан асырмау, бір келушіге 4 шаршы метрден кем болмау сияқты ұсыныстар бар. Олардың айтуынша, пандемияның алғашқы күнінен бастап карантиндік шараларға белсенді түрде ықпал еткен жұмыстарын тоқтатып, жұмыссыз қалған қызметкерлерге өз қалталарынан жалақы төлеп, ауруханаларға қажетті жабдықтар мен жеке қорғаныш құралдарын сатып алуға көмектескен. Сонымен қатар бүгінде мұқтаж адамдарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек беріп, қолдауларын жалғастырып келеді, - деп түсіндірді депутат.
Оның сөзінше, қазіргі күні кәсіпкерлердің жинаған қоры да, шыдамдары да таусылуға жақын. Күнделікті тұрмыс-тіршілік шығындарына қоса, шектеулерге байланысты жұмыссыз, бос тұрған ғимараттардың коммуналдық төлемдері, оның күтімі мен күзетіне кәсіпкерлер шығындалып отыр.
Біздің халқымыз қызығын да, қайғысын да жақынымен бөліскен халық. Ал бүгінде азаматтарымыз кең ғимараттарда сақтық шараларын сақтай отырып өткізетін отбасылық шараларды антисанитарлық тар жерлерде тығылып өткізуге мәжбүр болуда. Отбасылық шараларды өткізбеуге рұқсат бермеу шын мәнінде індетті тоқтатуға еш әсер етіп отырған жоқ. Шектеу шаралары көзбояушылыққа, індетпен күрестің бейшара көрінісіне, коррупцияға айналды. Ресми түрде шектеу болғанмен іс жүзінде жанұялық шаралар, той-жиындар пәтерлерде, жеке үйлер мен көзден тыс кафелерде өтіп жатыр, - деді Мәжіліс депутаты.
Ол өңірлерде шенеунікке жақындығы бар мейрамханалар құнын төлесе, тәулік бойы ешқандай шектеусіз жұмыс істейтіні құпия емес екенін айтты.
Сондай-ақ адам саны көп қоғамдық көліктер мен халыққа қызмет көрсету орындарындағы ұзынсонар кезектерді көргенде қандай санитарлық норма туралы айтуға болады?! – деп айтты Берік Дүйсенбинов.