Қазақстан өз алдына егемендігін алғаннан бастап мемлекет парақорлармен күресіп келеді. Дегенмен қолды болған қазына байлығының нақты қанша екенін ешкім дөп басып айта алмайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өкінішке қарай, халыққа қызмет етуі тиіс тұлғалардың кейбірі қазынаның құлпыруын емес, қалтасының қалыңдауын көкседі. Түрлі айла-шарғымен мемлекеттің ақшасын қолды еткендер – ел алдында беделді саналатын, аты көпке белгілі адамдар. Елге іскер, білімді, адал азамат ретінде еңбек етпей, пара алып, сотталған әкімдерге шолу жасап көрген едік.
2 млрд-тың өтеуі: Көкірекбаевқа – 12 жыл
Күні кеше Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаев аса ірі көлемде пара алғаны үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оның орынбасары Әділет Ахатаев пен мердігер компанияның басшысы Андрей Поплавский де кінәлі деп танылып, әрқайсысы 11 жылға сотталды.
Сот үкімі Алматы облысында шығарылды. Тергеу материалдарына сүйенсек, Көкірекбаев пен Ахатаев мердігер ұйым басшысы Андрей Поплавскийден заңсыз түрде пара алған. Ақша атқарылмаған жұмыстарға қатысты жалған актілерге қол қою үшін берілген.
Ресми мәлімет бойынша, мемлекетке келтірілген залалдың жалпы сомасы шамамен 2 миллиард теңгені құрайды.
Сот үкімі бойынша:
- Кәрім Көкірекбаев – 12 жыл,
- Әділет Ахатаев пен Андрей Поплавский – 11 жыл
бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ сот үкімімен үшеуі де мемлекеттік қызметте өмір бойына жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Пара көлемі – 50 млн теңге
Кентау қаласының бұрынғы әкімі Дәурен Махажанов 2022 жылдың шілдесінде 50 миллион теңге пара алғаны үшін 10 жылға сотталған болатын. Алайда арада бір жыл өткен соң, Бас прокуратураның наразылығы негізінде іс Жоғарғы Сотта қайта қаралып, “пара алу” бабы “алаяқтық жасау” бабына ауыстырылған.
Тергеу барысында экс-әкім параны қызметтік өкілетін асыра пайдалана отырып емес, жәбірленушіні алдау арқылы алғаны анықталған. Осыған байланысты оның әрекеті “пара алуға оқталу” емес, “алаяқтыққа оқталу” ретінде сараланып, жазасы 10 жылдан 5 жылға қысқартылған.
2023 жылдың 8 қыркүйегінде Қапшағай қалалық соты оның бас бостандығынан айыру жазасын айыппұлмен ауыстыру туралы шешім қабылдады. Сол күні Заречный кентіндегі №57 мекемеден босатылған.
Қылмыстық-атқару жүйесі өкілдерінің мәліметінше, Махажанов 1 миллион 988 мың теңге айыппұл төлеп, бостандыққа шықты. Үкім заңды күшіне енген. Осылайша, бұрынғы әкім 15 айға жуық уақытын қамауда өткізген.
Жер телімі үшін пара талап еткен ауыл әкімі 4 жылға сотталды
2021 жылы Түркістан облысында сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған Қызылқұм ауылдық округінің бұрынғы әкімі Нұрақбай Қойлыбековтің басы дауға қалды. Сауықтыру нысанын салмақ болған кәсіпкерлердің шағымы нәтижесінде ауыл әкімінің заңсыз әрекеттері әшкере болды. Олардың арызы негізінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 58 жастағы әкімге қатысты тергеу жүргізіп, нәтижесінде сот үкімі шықты.
Ресми тергеу мәліметтері бойынша, ауыл әкімі кәсіпкерлерден ауылдық округ аумағынан жер телімін беру үшін 500 мың теңге пара талап еткен. Келісілген қаражатты шенеуніктің көмекшісі жеткізіп берген. Ол ақшаны әкімнің үстеліне қойған сәтінде мемлекеттік қызметкер құрықталған.
Сот барысында айыпталушы өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Ол пара сұрамағанын және бұл іске қатысы жоқ екенін мәлімдеген. Алайда тергеу барысында ұсынылған дәлелдер – кәсіпкерлермен жүргізілген телефон сөйлесулерінің жазбалары, жедел бейнетүсірілімдер және басқа да материалдар – сотталушының кінәсін толығымен дәлелдеді.
Сот үкіміне сәйкес, айыпталушы тарапынан кінәні мойындау мен өкініш білдіру болмағаны – жазаны ауырлататын мән-жай ретінде бағаланды. Соның негізінде экс-әкімге 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Зеренді ауданының бұрынғы әкімі 5 жылға сотталды
Ақмола облысы Зеренді ауданының экс-әкімі Берікжан Абуталипов, аудандық ТКШ бөлімінің бұрынғы басшысы Нұрлан Баканов және кәсіпкер Аркадий Столяренко жемқорлық және қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану ісі бойынша жауапқа тартылды.
Сот мәліметінше, Абуталипов пен Баканов 588 мың теңге көлемінде пара алған. Бұл сома 4 000 литр жанармайға арналған талондармен берілген. Бұдан бөлек, Баканов пен Столяренко алдын ала сөз байласу арқылы мемлекетке тиесілі 8,9 миллион теңге бюджет қаржысын жымқырған. Залал толық өтелген.
Нәтижесінде:
- Берікжан Абуталипов – 5 жылға бас бостандығын шектеу, 741 080 теңге мүлкін тәркілеу және мемлекеттік қызметке өмір бойына тыйым салу жазасына кесілді. Сонымен қатар, ол жыл сайын 100 сағатқа дейін мәжбүрлі еңбекке тартылатын болды.
- Нұрлан Баканов – 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметтен шеттетілді.
- Аркадий Столяренко – 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. “Пара беру” бабы бойынша ақталған.
Орынбасарлар да қалыс қалмады...
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов 20 шілдеде жемқорлық дерегі бойынша ұсталды. Оны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері прокуратураның келісімімен қолға алған. Ресми мәліметтерге сүйенсек, шенеунік бір кәсіпкерге мемлекеттік тендерді ұтып беру арқылы жүздеген миллион теңге талап еткен.
Қазіргі уақытта Мақсұт Исаховқа қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Құзырлы органдар әзірге істің егжей-тегжейін толық жарияламағанымен, іс материалдары сыбайлас жемқорлық сипатында екенін растады.
Айта кетейік, Мақсұт Исахов 2020 жылдың ақпан айында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған болатын. Ол қала әкімдігінде көлік және жол инфрақұрылымы, еңбек инспекциясы, цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік, туризм мен спорт, сондай-ақ жердің пайдаланылуы мен қорғалуына бақылау салаларына жетекшілік етіп келген.
Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары 10 жылға сотталды
Атыраудағы сот Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаевты 10 жылға бас бостандығынан айырып, мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырды.
Сот мәліметінше, Таубаев құны 5,9 миллиард теңге болатын модульді жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысына қатысты 182 миллион теңге көлемінде пара талап еткен. Аталған нысан Құлсары қаласында, "Теңізшевройл" жобасы аясында салынған. Таубаев бұл соманы «нысанды қабылдауға көмектесу» және "қамқорлық көрсету" үшін сұраған. Кейін ол бұл қаражатты ИВЛ аппараттарын сатып алуға жұмсамақ болғанын айтқан.
Осы іс бойынша Атырау облыстық құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур Басаров та кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталды. Екеуі де мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Сот шешімі бойынша, қос экс-шенеунік жазасын қауіпсіздігі төмен түзеу мекемесінде (колония-поселение) өтейді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Таубаев пен Басаров 2020 жылғы қыркүйекте пара алу күдігімен ұсталған болатын.
Мойындамады, бірақ 7 жылға сотталды
Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова ірі көлемде пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Атырау қалалық №2 соты үкім шығарды.
Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша айыпты деп таныды. Бұдан бөлек, Бақытгүл Хаменова «Құрмет» орденінен де айырылды.
Айта кетейік, бұл іс бойынша сот процесі 2023 жылғы 11 тамызда басталған. Қазан айында өткен отырыста прокурор Хаменованы 7 жылға соттауды және мемлекеттік марапаттан айыруды сұраған болатын.
Сотта Бақытгүл Хаменова өзіне тағылған айыпты мойындамай, соңғы сөзінде:
Бұл қылмыстық іске менің қатысым жоқ. Заң аясында ақтау үкімі шығарылуы тиіс, – деп мәлімдеді.