Өскеменде танысына сенген тұрғын 2 млн теңге қарызға кірді

Күдіктілер жәбірленушінің сеніміне кіріп, атына ірі көлемде тауар несиесін рәсімдеуге көндірген.

 pixabay.com Бүгiн 2026, 20:30
Бүгiн 2026, 20:30
91
Фото: pixabay.com

Өскемен қаласы ПБ Үлбі полиция бөлімінің кезекші бөліміне 22 жастағы қала тұрғыны бұрынғы әріптесі мен олардың ортақ таныстарының оны алдап кеткенін айтып жүгінген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жәбірленушінің айтуынша, күдіктілер оның сеніміне кіріп, атына ірі көлемде тауар несиесін рәсімдеуге көндірген.

Тергеу барысында анықталғандай, өткен жылдың қараша айында күдіктілердің бірі қаржылық қиындықтарға тап болғанын айтып, жәбірленушіден көмек сұраған.

Ол танысының атына рәсімделген несиені үш ай ішінде болашақ табысы есебінен толық жауып беретініне уәде еткен. Уәдеге сенген азамат мобильді қосымша арқылы өз атына тауар несиесін рәсімдеп, екі смартфон мен оларға арналған аксессуарлар сатып алған. Келтірілген жалпы шығын көлемі 2 миллион теңгеден асты.

Несие берілгеннен кейін олар тауарды қолма-қол ақшаға айналдырған. Ақшаны алған соң күдікті байланысқа шықпай, несие төлеу бойынша міндеттемелерін орындамаған.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті кінәсін мойындады.

Наверх