Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оқиға Жаркент қаласында болған. Бұл туралы облыстық ПД-ның баспасөз қызметі хабарлады.
33 жастағы жергілікті тұрғын өзінің ескі танысын кездестіріп, Өсек өзенінің бойында кездесулерін атап өтуді жоспарлаған.
Ішімдік ішкен екі таныс арасындағы сөзге келіспеушілік ерегеске ұласып, салдарынан төбелес соңы 35 жастағы азаматтың ауыр дене жарақат алумен аяқталған.
«Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдікті анықталды. Қазіргі уақытта ол мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды. Қылмыс құралы болуы мүмкін ас үй пышағы іздестірілуде», - деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Облыстық полицияның ақпараты бойынша күдікті бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Аудандық полицейлер күдіктінің өзге де қылмыстарға қатысы барын анықтауда.