Танымал курортта жанартау атқылап, әуе рейстері тоқтатылды

Бүгiн, 07:47
358
Бөлісу:
Танымал курортта жанартау атқылап, әуе рейстері тоқтатылды
Фото: АР

Индонезияда жанартау атқылап, мыңдаған адам эвакуацияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ANTARA News таратқан мәліметке сәйкес, ел билігі нөсер жауын салдарынан жанартау селінің жүру қаупін ескертті.

Индонезияның мыңдаған тұрғыны Флорес аралындағы Левотоби Лаки-Лаки жанартауы атқылауы себепті үйлерін тастап қашты. Билік жоғары қауіптілік деңгейін жариялады.

Жанартау атқылауы 20 наурыз кешкісін басталып, 11 минутқа созылған. Жанартау 8 шақырым биіктікке күл бағанасын шығарған.

Келесі күні, 21 наурызда шұғыл қызмет апат ошағына жақын маңдағы ауылдардың 4700-ден астам тұрғынын эвакуациялады.

Тұрғындарға қауіпсіз жерде қалып, құтқарушылардың нұсқаулығын қатаң сақтау ұсынылды.

Сондай-ақ жанартаудың оянуы әуе жолына да әсер етпей қоймады.

Бали аралында кемі жеті халықаралық рейс кейінге шегерілді, оның ішінде алты рейс Австралияға ұшуға тиіс болған.

Индонезия Тынық мұхиты отты сақинасында орналасқан. 2024 жылы осы жанартаудың оянуы салдарынан тоғыз адам қаза тапты.

Өзгелердің жаңалығы