Тазалық – өркениеттің өлшемі. Көздің жауын алар көрікті қала болу үшін тек жасыл желек пен зәулім ғимараттар жеткіліксіз. Әсіресе елдің бет-бейнесіне айналған елордада тазалықтың орны бөлек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Күннің аптабында да, қыстың қақаған аязы мен боранында да қаланың әр бұрышын тап-тұйнақтай етіп ұстап жүрген жұмысшылардың тынымсыз еңбегі – назардан тыс қалмауы тиіс еңбек майданы. Олар – шаһар тынысын қалыпта ұстап тұрған үнсіз қаһармандар.
Осы орайда өз ісінің білікті маманы, «Астана Тазалық» компаниясының Қолымен жинау жөніндегі учаске басшысы Әлімжан Макишевпен әңгімелескен болатынбыз.
- Әлімжан Егінбайұлы, бұл мамандыққа қалай келгеніңізді айтып беріңізші?
- «Астана Тазалық» компаниясында 2010 жылдан бері жұмыс істеймін. Сол жылы 1 қарашадан бастап елорданың Алматы ауданына механикалық жинау жөніндегі бригадир ретінде жұмысқа орналастым. Қазіргі уақытта қолымен жинау жөніндегі учаске бастығы болып жұмыс істеймін. Артқа көз тастасам, жол тазалығында жұмыс істегеніме 15 жылдан астам уақыт болыпты.
- Жұмыс күніңіз қалай өтеді?
- Күнде таңертең 4.30-да тұрамын. Сағат 7:00 болмай жұмыс орнымда боламын. Жұмысшыларымды күтіп аламын. Оларға қауіпсіздік техникасын ескертемін. Жұмыс күніміз күнделікті таңғы сағат 7-ден басталады. Кешкі 16:00-ге дейін жұмыс орнындамыз. Маусымға байланысты жұмыс кестеміз де ауысып тұрады. Кейде сағат 6-дан, кейде 8-ден шығамыз. Ауа райына қарай ыңғайланамыз.

- Негізгі міндеттеріңіз қандай?
- Алматы ауданы бойынша қолымен жинау жөніндегі 3 бригада бар. Әр бригаданың қолымен жинау жөніндегі шеберлері бар және тазалайтын участкасы бар. Таңертең жұмысқа келгенде шеберлер жұмысшыларға міндетті түрі техникалық қауіпсіздік өткізіледі. Сосын қайсы адам қай көшеге баратынын айтып, жұмыс орнына жібереді. Жұмыстағы міндеттеріміз Алматы ауданы бойынша біздін қарамағымызға бөлінген көшелерді жинап тазалау.
- Жұмыс учаскеңіз қай жерде орналасқан?
- Жұмыс участке Алматы ауданы бойынша (Тәуелсіздік көшесі, Отан қорғаушылар алаңы, Момышұлы көшесі, Абылайхан көшесі, Айнакөл көшесі, Жұмабаев көшесі, Амман көшесі, Қошқарбаев көшесі және Есіл өзені бойындағы жағалау Алатау спорт кешенінен бастап М1 көпірі арасын жинаймыз.
- Жұмыс барысында төтенше жағдайлар болды ма? Ондай кезде қалай әрекет етесіздер?
- Әртүрлі жайттар болуы мүмкін. Жағдайға байланысты әрекет етіліп, көмек көрсетіледі. Бірақ өз басымнан ондай келеңсіз жайт болмапты.
- Еңбек адамы ретінде «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы қандай іс-шаралар өткізіліп келеді?
- Адамдарды тазалықты сақтауға көп шаралар атқарылып жатыр. Әр адам ең алдымен тазалықты өзінен бастауы тиіс деп санаймын. Қоқысты әр жерге лақтырмай, арнайы қойылған қоқыс жәшіктеріне тастаудың түк қиындығы жоқ деп ойлаймын. Ел көлемінде түрлі акциялар өткізіліп жатыр. Әр адам тазалық пен тәртіпті өзінен бастаса, қоғам да жақсы жаққа қарай өзгереді.
- Қала тұрғындарының сенбілікке қатысу белсенділігі қалай?
- Қала тұрғындарының белсенділігі өте жақсы. Өйткені балабақшадан бастап, мектеп, оқу орындары әр сенбілікке, әрбір акцияға қатысып жатады. Әркім өз аумағын жинайды. Ол да болса тазалыққа қосылған тамшыдай болса да үлес.
- Көпбалалы отбасы екенсіздер. Балаларыңызды еңбекке баулитындарыңыз анық. Жұмысыңызда қандай жағдай жасалған? Қандай әлеуметтік пакеттер бар?
- Аллаға шүкір, көпбалалы отбасымын. Алланың берген алты ұл, бір қызым бар. Көпбалалы отбасыларға көмек көрсетіледі. Үнемі қолдау көріп отырмыз.

- Жұмысыңыздың қиындығы мен қызығы неде деп айта аласыз?
- Жұмыс болған соң қиындықтың болуы заңдылық. Қыста көктайғақ, боранда, жазда аптап ыстықта ауа райының жағдайына қарамай жұмыс істеуге тура келеді. Бірақ ұжымымызбен бір отбасындай болып кеттік. Жұмысқа қуана-қуана келіп, шын көңілмен істейміз. Астанамыздың таза болуы үшін бір жағынан азаматтық тұрғыдан барымызды саламыз.
- Бір күнде қанша объекті немесе көшені тазалайсыздар?
- Міндетті түрде бөлінген көшелердің бәрін тазалап шығамыз. Аялдамалар, қоқыс салатын жәшіктер, көшедегі шашылып жатқан қоқыстарды тазартамыз. Көшенің айнадай болып тұруын, жазда жаңбырдан кейін лай, қоқыс болса, тездетіп жинаймыз.
- Жұмысқа мотивацияны қайдан аласыз? Қатты шаршап, басқа жұмысқа ауысамын деген ой келетін кездер бола ма?
- Бұл жұмысты істеп келе жатқаныма 15 жылдан асыпты. Кейде қатты шаршағанда да басқа жұмыс іздесем бе деген ой келмепті. Басқа жерге ауысамын деген ешқандай ойым да жоқ.
- Жұмысыңызда басыңыздан өткен қызықты оқиғамен бөлісіп өтіңізші.
- (ойланып) Қызықты оқиға дегенде... Өмірімді, тағдырымды осы жерден таптым деп айтқаным дұрыс шығар. 2010 жылдары осында «Астана Тазалыққа» жұмысқа кірген соң өмірлік жарымды осы мекемеден таптым. Жарыммен осы жерде таныстық. Екеуміз отбасын құрып, қазір Құдай берген балапандарымды өсіріп, тәрбиелеп отырмыз.
- Тұрғындарға тазалық сақшысы ретінде не айтар едіңіз?
- Астана – үлкен қала, елдің айнасы. Онда тазалықтың сақталуы – әр тұрғынның азаматтық жауапкершілігі. Көшеде жүргенде бөтелке мен қоқысты арнайы жәшікке тастау – қарапайым ғана, бірақ маңызды қадам. Тазалық – тек біздің ғана міндетіміз емес. Егер бәріміз бірлесіп, бір ауыздан атсалыссақ, қаламыз одан әрі көркейе түсетіні сөзсіз. Бұл – әркімнің қолынан келетін игі іс.
- Әңгімеңізге рахмет!