Тамыздың соңына дейін несие айыппұлдары мен өсімақылар өтеледі

8 Тамыз 2019, 14:11
3754
Бөлісу:
Тамыздың соңына дейін несие айыппұлдары мен өсімақылар өтеледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеуметтік осал топтарының, жалғыз асыраушысынан айырылған мүгедек балалары бар отбасылардың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың қарыздық жүктемесін жеңілдету туралы тапсырма берген болатын. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде екінші деңгейлі банктерге және микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша қарызды төлеу механизмін түсіндіру бойынша брифинг өтті.

«Бірінші бағыт: 1 маусымға дейін екінші деңгейлі банктерден 3 миллионнан аспайтын несие алған азаматтар қарызының 300 мың теңгесін өтеу. Бұл бағыт бойынша 447 957 адам анықталып, оған 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Екінші бағыт халықтың барлық әлеуметтік деңгейіне арналған, яғни қарызды өтемеген кезде үстінен жиналатын айыппұлдар мен өсімақыны жабу. Бұл бағыт бойынша 1 миллионнан астам адам анықталған. Олардың қарызын өтеу үшін 30 миллиардтан астам теңге қаржы қарастырылған», - дейді ҚР Ұлттық банкі Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаев.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Ана мен баланы қолдау басқарма басшысы Асқар Ниязовтың айтуынша, әзірге қанша адамның қарызы өтелгені туралы нақты ақпарат жоқ екенін айтты.

«Бүгінгі күнге дейін қанша адамның қарызы өтелгені туралы нақты ақпарат жоқ, бірақ бізге 1 942 155 адамның тізімі берілді. Әлеуметтік осал топтардың ішіне кіретін 3 миллион теңгеге дейін қарызы бар 447 957 азаматтың тізімі Ұлтық банкке жолданды, ол жерде екінші деңгейлі банктерге жолданады. Ол жерде әрбір азаматтың берешегі, яғни тұтынушылық қарыздары нақтыланып, тізім ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қайта жолданатын болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес, 105 миллиардға жуық теңге қаржы: оның 88 миллиард теңгесі Ұлттық қордан, 17 миллиард теңге Ұлттық банк тарапынан қосымша облигациялар шығару арқылы беріледі», - дейді ол.

Аталған қарыздарды жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық банкпен, сосын қалалық әкімдіктегі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасымен бірлесе отырып осы жұмыстың барлығын қыркүйек айында аяқтайды. Тамыз айының аяғына дейін банктер өз тарапынан тізімдер бойынша жұмыс істейтін болады. Қыркүйек айында банкке берешегі бар адамдар берешегі өтелгендігі туралы хабарлама алатын болады», - дейді Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмурзаев.

Өзгелердің жаңалығы