Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен ақпараттық алаңдарда кафе, көше бойындағы дүңгіршектер мен жылдам тамақтану орындарынан кейінгі улану жағдайлары жиілеп кетті. Санитарлық қызмет мұндай жағдайда қалай жұмыс істейді?
Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева түсіндіріп берді.
Шағым түскеннен кейін қандай шара қолданылады?
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандарының айтуынша, егер азаматтардан тамақтан кейінгі улану бойынша шағым түссе және ол медициналық құжаттармен (анықтама, дабыл парағы, ауруханадан берілген қорытынды) расталса, нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.
Бұл тексеру барысында зертханалық талдаулар жасалады. Егер заңбұзушылық анықталса, кәсіпкерлік субъектісіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы бойынша хаттама толтырылады және белгіленген мерзім ішінде бұзушылықты жою жөнінде нұсқама беріледі. Ал егер бір нысанға байланысты үш немесе одан да көп улану жағдайы тіркелсе, мамандар толыққанды тергеу-зерттеу жүргізеді. Бұл ретте полиция органдарына да ақпарат жолданып, оқиғаның қылмыстық құрамға жататыны не жатпайтыны анықталады, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Осы орайда, ескеретін жайт, егер қылмыстық іс қозғалмаса, кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Маңыздысы – тексерістер еш ескертусіз жүргізіледі. Сарапшылар тағамнан сынама алып, қоршаған ортаны зерттейді, қызметкерлерді бактериологиялық тексерістен өткізеді. Нәтижесінде улануға себеп болған факторлар жан-жақты анықталады. Қажет болған жағдайда кәсіпкердің қызметі уақытша тоқтатылады, сапасыз тағам айналымнан алынады, санитарлық талаптарға сай келмейтін қызметкерлер жұмыстан шеттетіледі.
Неліктен мұндай жағдайлар орын алады?
Көпшілік үшін ең басты сұрақ – егер нысандар санитарлық бақылаудан өтсе, неге мұндай оқиғалар қайталана береді?
Сарапшылардың айтуынша, мәселе бақылау жүйесінің ерекшелігінде жатыр. ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, мемлекеттік бақылау нысандарының тек 5%-ы ғана жыл сайын тексеріледі. Автоматтандырылған жүйе тәуекел дәрежесіне қарай нысандарды іріктейді. Сондықтан көптеген тамақтану орындары бірнеше жыл бойы тексерусіз жұмыс істеп жатады.
Одан бөлек, шағын және микробизнес субъектілерін алғашқы үш жылда тексеруге заңмен тыйым салынған. Бұл кәсіпкерлікті қолдау тетігі болғанымен, санитарлық қауіпсіздік тұрғысынан белгілі бір тәуекелдерді де тудырады.
Жаңа кәсіпорын ашылған кезде тек эпидемиологиялық тұрғыдан жоғары қауіп төндіретін нысандар ғана (ірі қоғамдық тамақтану орындары, тағам өндірістері) санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алып барып жұмыс істейді. Ал шағын тамақтану нүктелері тек хабарлама арқылы қызметін бастай береді.
Ішкі бақылаудың маңызы
Заң бойынша әр кәсіпкер тек нысанды ашқанда ғана емес, жұмыс барысында да тұрақты түрде ішкі санитарлық бақылауды қамтамасыз етуге міндетті.
Бұл бақылау шикізаттан бастап дайын тағамға дейінгі барлық кезеңді қамтиды:
- азық-түліктің тасымалдануы мен қабылдануы,
- өңдеу, сақтау, әзірлеу, қаптау,
- сатылымға шығару.
Сонымен бірге қызметкерлердің денсаулығы да күнделікті қадағалануы тиіс. Персоналдың санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтауы, уақтылы медициналық тексеруден өтуі аса маңызды.
Алайда тәжірибе көрсеткендей, улану фактілері тіркелген орындардың басым бөлігінде осы ішкі бақылау формалды түрде ғана жүргізілген. Яғни қағаз жүзінде талап орындалғанымен, іс жүзінде нақты шаралар қабылданбаған.
Тамақтану орындарында санитарлық қауіпсіздік тексерістен тексеріске дейін емес, күнделікті басты назарда болуы керек. Бұл – ең алдымен кәсіпкердің өз мүддесі, өйткені тұтынушы сенімін жоғалтқан бизнес ұзақ өмір сүрмейді.
Ал мемлекеттік органдар бақылау жүйесін жетілдіріп, жоспарлы тексерістердің қамту аясын кеңейтсе, мұндай оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік артады.