Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Тамаққа жетіп, киімге жетпейді". Отбасылардың жағдайы жаңа тәсілмен бағаланбақ

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
29 Тамыз 2025, 12:38
660
Бөлісу:
 - архив/ Артём Чурсинов
Фото: - архив/ Артём Чурсинов

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғырту бағытындағы жоспарларды таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес, бюджеттік шығыстарды оңтайландыру және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру көзделіп отыр. Осыған орай Үкіметтің қолдауымен әлеуметтік қорғау жүйесін трансформациялау басталды.

Мемлекеттік қолдау шараларын бөлудің категориялық қағидатынан мұқтаждықтың ашық әрі объективті өлшемдеріне көшу жүзеге асырылады. Бағалау барысында тек табыс пен мүлік қана емес, сонымен қатар отбасының тәуелді жүктемесі де ескеріледі. Яғни қанша отбасы мүшесі еңбекке қабілетті және қаншасы экономикалық белсенді емес екені есепке алынады. Сондай-ақ бейресми жұмыспен қамтудан немесе тұрғын үйді жалға беруден түсетін жасырын кірістер де анықталатын болады, – деді Олжас Анафин.

Вице-министрдің айтуынша, цифрлық технологиялар мен ақпараттық жүйелерді интеграциялау осы жаңа тәсілді тиімді іске асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар республикалық бюджеттің барлық кепілдендірілген төлемдері – зейнетақылар, көп балалы отбасыларға жәрдемақылар, бала тууына байланысты төлемдер, мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақылар толық көлемде сақталады.

Жаңа тәсіл отбасының әл-ауқатын бағалаудың нақты өлшемдерін қамтиды:

  1. Төтенше қажеттілік – тамақтануға қаражат жеткіліксіз.
  2. Қажеттілік – тек тамаққа жеткілікті, киім алуға қиындық бар.
  3. Салыстырмалы тұрақтылық – тамақ пен киімге жеткілікті, бірақ ұзақ мерзімді тауарларды алуға қиын.
  4. Тұрақтылық – тамаққа, киімге, ұзақ мерзімді тауарларға жеткілікті, алайда жаңа көлік сатып алу қиын.
  5. Жайлылық – автокөлік алуға қаражат жеткілікті, бірақ қосымша жылжымайтын мүлік сатып алу қиын.
  6. Жоғары әл-ауқат – материалдық қиындық жоқ, қосымша жылжымайтын мүлік сатып алуға жеткілікті қаражат бар.

Осылайша, министрлік өкілінің айтуынша, мемлекеттік кепілдіктер өзгеріссіз сақталып, жүйенің атаулылығы мен әділдігі арта түспек.

Өзгелердің жаңалығы