TALIS-2024 халықаралық зерттеуінің негізгі кезеңі аяқталды. Оған 8 мыңға жуық қазақстандық педагог қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының айтуынша, кезекті раундқа қатысу белгілі бір бағыттар бойынша өзгерістер динамикасын, оның ішінде қабылданған шаралардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Бұған дейінгі зерттеулердің қорытынды нәтижелері «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеу кезінде ескерілгенін айта кету керек. Қазір зерттеу модульдерінің саласы кеңейіп келеді. Біз Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптаудың орталығының, «Өрлеу» БАҰО-мен бірлесіп дайындаған ұлттық сұрақтарды енгіздік. Зерттеу нәтижелері еліміздегі білім беру саясатын әзірлеуде пайдаланылатын болады, – деп атап өтті комитет төрағасы Ернұр Дәуенов.
TALIS-2024 ұлттық зерттеу есебі еліміздің сегіз макроөңірі бойынша нәтижелердің талдамасымен 2026 жылы жарияланады.
TALIS (Teaching and Learning International Survey) — Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қолдауымен жүргізілетін кең ауқымды әрі беделді халықаралық зерттеу. Ол мектептегі білім беру ортасын, еңбек жағдайларын және мұғалімдердің кәсіби дамуын жақсартуға бағытталған.