Талғардағы трагедия: қазір жағдай реттелді ме?

11 Қазан 2024, 17:57
4675
Бөлісу:
Талғардағы трагедия: қазір жағдай реттелді ме?
PHOTO

BAQ.KZ тілшісі қайғылы жағдай болған Алматы іргесіндегі Талғарға барып, марқұм болған бозбала Шерзаттың жақындарымен тілдесіп қайтты. Байқағанымыздай, полиция қызметкерлері Талғар ауданына кіре берісте көліктерді тегіс тоқтатып, қатаң тексеріс жүргізіп жатыр.


Шерзаттың анасы Дүльбар Бишимбиева ұлын жауыздықпен өлтіргендерге ашық сот өткізіп, жазалауды сұрап отыр. 

Талғардағы трагедия: қазір жағдай реттелді ме?

Оқиға 3 қазан күні түнгі 22:00 шамасында болды. Ол кезде дүкенде күйеуім болған. Сатып алушы алған заттарын төлемегенімен қоймай, оған қарата боқтық сөздер айтып, балағаттаған. Мұны сырттан келе жатқан ұлым естіп қалып, әкесін неге боқтап жатқанын сұрап сөзге келіп қалған. Артынша балам оны бірінші болып ұрған. Кейін күйеуім кешірім сұрап, Шерзаттың әлі бала екенін айтып, сатып алған заттарына қосымша заттар беріп, кешірімін алған. Бұл жағдай осымен болды-ау деген де әлгі бала өзінің таныстарына хабарласып, түнгі 12-де қайта төбелесті бастады. Ол кезде дүкенде балам мен күйеуім ғана болып, артына қайын інім мен енем екеуміз бардық. Біз барғанда екеуін де ұрып, пышақтап жатты. Біздің қой дегенімізге қоймай, менің және апамыздың қолынан ұстап, пышақпен қорқытты. Видеодан көргеніңіздей балам қашқан, олар оны артынан қуып жетіп пышақтап, мылтықтың сабымен басынан ұрған. Күдіктілер 3 машина болып келді. Олардың саны 7 адам емес, 13-15 шақты, - дейді Шерзаттың анасы. 

Талғардағы трагедия: қазір жағдай реттелді ме?

Ал Шерзаттың әжесі мемлекеттік номері жоқ бірнеше көлік мінген бейтаныс адамдардың үй маңайын тінтіп жүргенін айтады. Қайғылы оқиға алдында Шерзат үйінде болыпты. Үй іргесіндегі дүкенге тек ұялы телефон қуаттағышын алуға барып тұрып, осы оқиғаға тап болған. 

Талғардағы трагедия: қазір жағдай реттелді ме?

Шерзат кішкентайынан менің қолымда өсті. Ешкімде алты аласы, бес бересі жоқ. Сол күні ол үйде телефонын қарап жатқан еді. Соның қуаттағышын алмақ болып дүкенге барған. Сол кезде дүкенде әлгілердің әкесіне тиісіп жатқанын көрген. Содан шыдай алмай, бірінші болып қол жұмсаған. Бірақ ұрды екен деп өлтіріп кету ешбір заңда жазылмаған. Адамның жанын алуға ешкімнің хақысы жоқ. Шерзатымның өмірін қиғандарға ату жазасын талап етемін. Қалғандарына 20 жылдан кем емес жаза берілсін. Қазір Шерзаттың ата-анасын үйіне жіберуден қорқып отырмын. Үйінің маңайында нөмері жоқ көліктер келіп, үйіне кірген екен. Көршілері де сол маңайда танымайтын адамдардың толып жүргенін айтты. Бұл мәселе бір жақты болмай, біздің отбасымызға тыныштық болмай отыр,- деді Шерзаттың әжесі.

Талғардағы трагедия: қазір жағдай реттелді ме?

Қайғылы жағдай болған дүкен маңайындағы көршілерімен де тілдестік. Олардың айтуынша, ауданда төбелес, ұрлық, пышақтап кету сынды қылмыстар жиі болатын көрінеді. Тіпті жас балалардан мәжбүрлеп ақша сұрайтындар бар деседі.

Көз алдында баласынан айырылу ата-ана үшін орны толмас өкініш. Әділ шешім қабылданып, ашық сот болғанын қалаймыз. Бұл кісілерді біз жақын танымаймыз. Дүкенді жалға алғанына 4 ай ғана болған. Бала шапқылап жүретін еді. Жалпы осы ауданда жылда сондай бір қылмыстардың болатынын естиміз. Тіпті арнайы ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің байланысы бар көрінеді. Жас балаларға күштеп арақ алдырып, ақша жинатады деседі. Осындай бассыздық істеп жүргендер ұсталып, кінәлілер жазаға тартылса, бізге де жақсы болар еді. Балалар өсіп келе жатыр, болашағына алаңдаймыз, - деді жергілікті тұрғын.

Талғардағы трагедия: қазір жағдай реттелді ме?

Алматы облысының Полиция департаменті оқиғаны жіті бақылап отырғанын айтады. Талғар маңында құқық қорғау орган қызметкерлерінің шұғыл әрі кешенді түрде жұмыс істеп жатқанын да байқадық.

Ішкі істер министрінің тапсырмасымен құрылған арнайы жедел-тергеу тобы Талғар қаласында кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты тергеуді жалғастыруда. Тергеу аясында барлық күдіктілерге қатысты кешенді тексеру жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік желілерде күдіктілердің қылмыстық топтарға қатысы бар, мемлекеттік, құқық қорғау және арнайы органдарда туыстық байланыстары бар деп тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, - деді Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Меруерт Морякова.

Бұған дейін дүкеннің кіреберісіне Шерзаттың суреті ілініп, тұрғындар гүл шоқтарын қойған еді. Бүгін сол дүкен қабырғасына марқұм Шерзат бейнеленген плакат ілінді.

Өзгелердің жаңалығы