Полиция Талғардағы 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты тағы бір адамды ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
17 қазанда кәмелетке толмаған Шерзат Болатты өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу барысында тағы бір күдікті К. есімді азамат ұсталды.
Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған жедел-тергеу іс-шаралар кешені жүргізу жалғасуда. Тергеу барысы Ішкі істер министрінің бақылауында, - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 4 қазанда түнде Талғарда жасөспірім қаза тапқан болатын. Белгілі болғандай, 16 жастағы Шерзат Болат сатып алушымен арада шиеленіс туындаған кезде әкесінің дүкенінде оған көмектесіп жатқан.
Алматы облысының Полиция департаменті "Кәмелетке толмаған баланы өлтіру" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Жасөспірім өлімі туралы істі прокуратура да ерекше бақылауға алды.
Жасөспірім өлімі туралы істі ішкі істер министрі Ержан Сәденов жеке бақылауына алды. Ал дүкеннің кіреберісіне Шерзаттың суреті ілініп, тұрғындар гүл шоқтарын қойған еді. Бүгін сол дүкен қабырғасына марқұм Шерзат бейнеленген плакат ілінді.
Кеше Талғар қаласының әкімі мен орынбасары қызметінен босатылған еді. Сонымен қатар, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметінен босатылды. Бұл іс бойынша қазір 10 адам күдікті ретінде ұсталып, Шерзаттың өртеніп кеткен үйінен айғақ заттар табылған еді.
Күні кеше Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Талғардағы Шерзаттың өліміне қатысты жағдайға пікір білдірген еді.